Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шалқар-Имантау аймағына 6 жылда 23 млрд теңге бағытталады

Теріскейдің визиттік карточкасына айналуы тиіс. Шалқар-Имантау курорттық аймағын көркейту бүгін облыстық әкімдік отырысының басты тақырыбы болды. Алдағы 6 жылда бұл мекенді дамытуға ондаған миллиард теңге бағытталмақ. Алдымен, әрине, жолдар жөнделіп, инженерлік желілер тартылады. Ауылы алыс емес жылыту маусымына әзірлік барысы да қаузалды жиында. Қытымыр қысқа әзірлік жоспарға сай жүріп жатқанымен, бірқатар мәселелер бар.

Солтүстік Қазақстан маржаны! Көркемдігі көз тойдырар Шалқар-Имантау аймағы алдағы 6 жылда адам танымастай өзгереді. Қысқасы, теріскейлік Бурабайға айналмақ.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Имантау көлінің жиегінде жағалау жасаймыз. Атпен серуендеуге арналған жолдар мен велосипед жолдары төселеді. Сондай ақ, әдемі шолу алаңы мен туристерге ақпараттық көмек көрсететін визит-орталық салынбақ.

Мұның бәріне билік қаржыны молынан құйып отыр. 2019 бен 25-ші жылдар аралығында курорттық аймақты көркейтуге республикалық және жергілікті қазыналардан шамамен 23 млрд теңге бағытталмақ. Қаражат алдымен жолдардың жағдайын түзеуге жұмсалады. Аймақ басшысы Шалқар мен Имантауға туристер тақтайдай тегіс жолмен жетуі тиіс деп қадап айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облсының әкімі:

– Жол мәселесін шешуге аямай ақша бөліп жатырмыз. Сондықтан, оның сапасы да жоғары болуы тиіс. Бақылау керек. Әйтпесе, шаруаны жөнсіз атқаратын мердігерлер бар. Қоғамдық ұйымдар, партия өкілдері жүйелі түрде барып тексеріп тұрулары қажет.

Өзге де проблемалар курорттық аймақта жететін. Бірі – инфрақұрылымның жоқтығы. 40-қа жуық демалыс базасының тек 26-сында ғана электр энергиясы, 13-інде ғана орталықтандырылған су құбырлары бар. 3 млрд-тай бөлініп, мәселе алдағы жылдары шешімін таппақ. Мобильдік байланыстың сапасы да алдағы үш жылда жақсарады, цифрлық телевизия жүйесі де тартылады. Ал қоқыс полигонын салуға қаржы қарастырылмаған. Ал Айыртау әкімдігі мәселені шешуге құлықсыз. Қанша дегенмен, аудан атқамінері түйіткілге назар аударуы тиіс. Бейбіт Исмановқа тағы бір тапсырма жүктелді – ескі-құсқы демалыс орындарынан құтылу. Көркем табиғаттың көрінісін бұзып тұрған мұндай базаларды Құмар Ақсақалов аямай сынады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облсының әкімі:

– Шынымен, тауық қораларды салып қойып, оны бәлен мың теңгеге жалға беріп жатыр. Оларды “демалыс базасы” деп айтудың өзі ұят. Тәртіп, тазалық жоқ, санитарлық талаптар сақталмаған. Қауіпсіздік жайы мүлдем ұмыт қалған. Курорттық аймақта заманауи, талаптарға сай келетін турбазалар салынуы тиіс. Ал құр пайданы ойлайтын жауапсыз кәсіпкерлерден жерді тартып алу керек.

Логика қарапайым – құйылған 23 млрд өзін ақтауы керек. Қазірдің өзінде Шалқар-Имантау туристер арасында аса танымал. Биыл мұнда 63 мың адам келіп тыныққан. 10 мыңнан астамы – шетелдіктер. Бұл былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға көп. Алайда, аймақ басшысының сөзінше, табиғат қаншалықты сұлу болмасын, тиісті жағдайлар жасалмайынша туристік ағым айтарлықтай артпайды.
Бірақ, туристік маусым көп ұзамай аяқталады, ал жылыту маусымының ауылы алыс емес. Оған әзірлік қалай жүріп жатыр?

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Аудандар мен ауылдардағы медициналық мекемелердің 100 пайызы көмірмен қамтылған. Қалалық аурухана-емханалардың барлығы қыркүйектің 1-іне дейін паспорттарын алады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– 572 білім ошағының 98 пайызы жылыту маусымына дайын. 3 мектептен басқасының барлығы әзірлік актілерін алды.

Бюджеттік мекемелер бойынша тиісті басқарма басшылары осылайша қысқа әрі нақты жауап қайырды. Сөздерінше, қытымыр қыста тосын сыйлар болмайды. Бірақ, бұған сену қиын. Өйткені, мәселелер жоқ емес.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Қызылжар аудандық орталық ауруханасы өзін жылумен қамтамасыз етіп отырған компанияға өткен жылы 12 млн теңге қарыз болып қалған. Оны әлі күнге дейін өтемепті. Тағы жылу таратушы кәсіпорындардың біріне М.Жұмабаев ауданы – 17, ал Тайынша ауданы 32 млн теңге берешек. Ал тарифтердің шамадан тыс төмендігінен Пресновкадағы 4 көпқабатты үйді жылытудан жергілікті компания бас тартып отыр.

Түйіткілдерді маусым басталғанша шешуді жүктеді Құмар Ақсақалов. Уақыт аз, өйткені соңғы бірнеше жылда ауа райының қыңырлығынан жылу беруді қыркүйектің соңында бастауға мәжбүр болып отырмыз. Аймақ басшысы мектептерді электр қуатымен жылыту жағдайын да қатаң сынға алды. Бұл ақшаны желге ұшыру деді ол.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облсының әкімі:

– Артық қаржы көп пе бізде? Бұл көмірге қарағанда 2 есеге қымбатқа түседі ғой. Сондықтан, одан баяғыда бас тарту керек едік. Дегенмен, бірқатар ауылдық мектептер әлі күнге дейін электр энергиясымен жылытылады. Бұл бассыздықты жойыңыздар.

Ал көмір бойынша ахуал қандай? Ең қызығы, тұрғындар қысқа қамдануға асығар емес. Қажетті 385 мың тоннаның теріскейліктер бүгінде тек 115 мыңын ғана әзірлеп қойған. Мұндай жайбарақттық ертең тұйықтардағы ұзын-сонар кезектерге әкелмей ме? Атқарушы билік кезек туындамайды дейді. Айтуларынша, қара отын қоры жеткілікті.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Қазіргі таңда облыс тұйықтарында 62 мың тонна көмір жатыр. 7 мың тоннасы – Петропавлда. Қара отынның құны да былтырғыға қарағанда айтарлықтай қымбаттамады – 8800 теңгеден басталып, 16500 теңгемен шектеледі. Бағаны ұстап қалуға тырысатын боламыз.

Көпқабатты үй тұрғындары да қауырт кезеңге қамданып жатыр. Қаладағы 1086 көпқабатты үйдің 90 пайызы әзір деді Болат Жұмабеков. Қалғандары мәселеге мән бермек емес. Бұл баспаналардың тұрғындары кейін “үйіміз суық” деп шағымданады. Өткен жылы шаһар басшылығына төмен температура бойынша 60 базына түсіпті. Қала әкімінің сөзінше бұған азаматтардың өздері кінәлі.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Тұрғындары шағымданған үйлердің басым бөлігі жазда жуып-шаю жұмыстарын жүргізбеген, паспорт алмаған. Көбінде кооперативтер мен үй бойынша үлкендері жоқ. Қазір мәселені шама-шарқымызша шешіп жатырмыз. Қыркүйекің 15-іне дейін қала жылыту маусымына толық дайын болады.

Аудандар болса, қазандықтарын жөндеп әлек. Бүгінде облыстағы 512 агрегаттың 429-ы дайын. Жамбыл, Тайынша мен Мамлют аудандары шаруаны сылбыр жүргізіп жатыр. Аймақ басшысы аудандарға көмірден бас тартуға кеңес берді. Құмар Ақсақалов биомасса, яғни сабан арқылы жанатын қазандықтарды көптеп орнату қажет деп санайды. Биылдан бастап ПАМЖЗ мұндай қондырғыларды шығара бастады. Бірақ, оларға сұраныс жоқ көрінеді.

Саят Ермек