Өрт сөндіру-құтқару спортынан облыстық турнир өтті

Спорт

20:10 27 Тамыз 2019

Ептілер мен жүйріктердің сайысы. Теріскейлік құтқару қызметінің мамандары өрт сөндіру-құтқару спортынан күш сынасуда. Оған 80-ге жуық адам қатысып жатыр.

Бұл додада құтқарушылар жыл бойы жинаған тәжірибелері мен күш-жігерлерін ортаға салады. Қазір спортшылар кедергілері бар 100 метрлік жолақты 23 секундтың ішінде жүгіріп өтулері қажет. Олар 2 метрлік бағанадан секіріп өтіп, одан кейін биіктігі 1 жарым метрлік бөрененің үстімен жүгіреді. Ең жауапты сәт – су шашатын құбырды жалғау. Мұның бәрін жергілікті кәсіптік педагогикалық колледжінің 4-курс студенті Шыңғыс Сәбитов 20 секундта орындап, мәреге бірінші болып жетті.

Шыңғыс Сәбитов – СҚ кәсіби педагогикалық колледжінің 4-курс студенті:

– Спорттың бұл түрімен айналысқаныма жарты жыл болды. Мен бұл сайыста алғаш рет бақ сынап жатырмын. Өзім өрт сөндіруші мамандығына оқып жатырмын. Жарыстан алған әсерім өте ерекше. Қарсыластар мықты дайындалып келіпті.

Сайысқа қатысып жатқандардың ішінде республикалық турнирдің жүлдегерлері де бар. Бахтияр Қабдуллин Атырау қаласында өрт сөндіруден өткен 26-шы ел чемпионатында өңір намысын қорғап, жүлделі орыннан көрінген.

Бахтияр Қабдуллин – қалалық №5 өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі:

– Біз биыл шілде айында республикалық чемпионатқа қатыстық. Ол жерде командамызбен эстафеталық жарыста 2-орынды иеленіп, күміс медаль жеңіп алдық.

Бұдан кейін спортшылар ойынның 2-ші кезеңіне де ойысты. Олар 4 қабатты үйдің терезесіне мынандай – салмағы 9 келі тартатын темір сатымен мініп шығулары керек.

Дархан Дүйсембеков – СҚО «ӨС және АҚЖ» ММ өрт сөндіру бөлімінің аға инженері:

– Өрт сөндіру-құтқару спортынан облыстық жарыс жыл сайын ұйымдастырылады. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен 18 команда келді. Сондай-ақ, сайысқа биыл кәсіби педагогикалық колледжінің студенттері алғаш рет қатысып жатыр.

Аудандық және қалалық бөлімшелерден жиылған 80-ге жуық маман 2 күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Ертең жарыстың соңғы күні. Құтқарушылар жауынгерлік қанатты жаюдан бәсекелеседі. Мықтылар кубок және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Ал ең үздік нәтиже көрсеткендер республикалық құрамаға ілігеді.

Бердімұрат Баймұқан