Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

МТРА жаңалықтары

20:28 27 Тамыз 2019

Жауапсыз компаниялар, құрылыс материалдарының жетіспеушілігі! Осының салдарынан өңірдегі білім беру мекемелерінде жөндеу жұмыстары баяу жүргізіліп жатыр. Тамыздың 26-ысын қоса есептегенде жоспарланған 130 нысанның 69-ы ғана қалыпқа келтіріліпті.

Биыл өңіріміздің білім беру саласында ауқымды бастамалар қолға алынды. Нақтырақ айтсақ, мектеп, балабақша мен колледждерге күрделі жөндеу жүргізілетін болды. Іске теріскейдің тарихында бұрын-соңды бөлінбеген 5 млрд теңгеден аса қаражат бағытталды. Қомақты қаржыға 130 нысанды қалыпқа келтіру жоспарланды. Жауапты жұмыс ұзаққа созылмай аяқталуы тиіс еді. Бірақ, олай болмады. Бүгінде кейбір ғимараттарда шаруаның жартысы да атқарылмапты.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Тамыздың 26-сына дейін жоспарланған 69 нысан қалыпқа келтірілді. Оның 52-сі – мектеп, 12-сі – балабақша, 5-еуі – колледж. Тағы, 9 ғимараттағы жұмыс аяқталып қалды. 20 білім беру мекемесіндегі іс 1-ші қыркүйекке дейін тындырылады.

Неге білім беру мекемелеріндегі жұмыс сағызша созылып кетті? Мұны облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Владимир Ткаченкодан бірнеше мәрте сұрады. Сөйтсек, гәп мынада екен. Көп жағжайда іске жауапсыз компаниялар тартылыпты. Солардың бірі – “Севимсталькон” серіктестігі.

Владимир Ткаченко – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– “Севимсталькон” серіктестігі өңір аумағындағы 10 нысанды жөндеу бойынша келісім-шарт жасасты. Олар Айыртау, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов және Тайынша аудандарында орналасқан. Аталған компанияға тиесілі ғимараттардың барлығында шаруа сылбыр жүріп жатыр.

Ал шаруаның сылбыр жүргізілуіне не себеп? Жұмысқа жауапты компанияға құрылыс материалдары жетіспей жатқан көрінеді. Бұл жалғыз “Севимсталькон” серіктестігіндегі мәселе емес. Өңірдегі басқа да ұйымдарда терезе, профлист сынды дүниелердің тапшылығы байқалған. Сондықтан, өзге облыстарға барып, қажетті заттар әкелініпті. Осы орайда қоғамдық кеңес мүшелері қыруар қаржыны қалтасына басып, жөнді жұмыс атқармайтын директорларды жазалау қажеттігін алға тартты.

Қайырлы Едіресов – СҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Покровка мектебінде болдым. Мамандар нысанның шатырын алып тастапты. Бірақ, өздері жоқ. Жаңбыр жауып тұр. Мұндайды мүлде жою үшін жауаптты жандарды жазалау қажет шығар.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко сенімді ақтамаған серіктестіктер жазасыз қалмайтындығын айтты. Ол іс насырға шапса, сотқа дейін жеткізіледі деді. Жиында қоғамдық кеңес мүшелерін шаһардағы нысандардың жағдайын да көтерді. 26-шы тамызға дейін Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның терезелері 55 пайызға ғана ауыстырылыпты. Владимир Сергеевич білім ұясындағы іс ұзаққа созылмай аяқталатындығын жеткізді. Тағы, шара барысында атаулы әлеуметтік көмек көрсету сапасы жайлы да сөз болды.

Байболат Бектемірұлы