МТРА жаңалықтары

Медиация саласын дамыту

Арадағы дауды сотқа жеткізбей шешудің жолдары. Мәселе бүгін қостанайлық медиаторлардың қатысуымен өткен дөңгелек үстел отырысында талқыланды. Мамандар теріскейлік бітімгерлермен тәжірибе алмасу үшін арнайы келген.

Қостанай облысының медиаторлар қауымдастығы “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік грантын жеңіп алған болатын. Сол себепті, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі аталған өңірдегі мамандардың тәжірибесін басқа облыстарда да қолға алу қажеттігін ұйғарыпты. Қазір медиация институтын алдымен 4 аймақта дамыту көзделіп отыр. Оның қатарында теріскей өңірі де бар. Осы орайда қостанайлық медиаторлар жергілікті мамандармен бірлесіп дөңгелек үстел отырысын өткізуде.

Сергей Богатырёв – “Қостанай облысының медиаторлар қауымдастығы” ҚҚ президенті:

– Бүгінгі семинар-тренингте медиативтік технологияларды қалай дұрыс қолдану жайлы айтамыз. Тағы, жиында конфликтология процесі туралы да сөз болады. Оны шешу жолдарына да жіті тоқталамыз. Тренингтің соңына қарай қатысушылармен бірге медиативтік процесті өткізу бойынша бір-екі ойын түрінде сабақ ұйымдастырамыз.

Қостанай облысында бүгінде 16 кәсіби медиатор жұмыс істейді. Соңғы 3 жылдың ішінде мамандар 300-ден астам кәсіби емес бітімгер дайындаған. Негізі, қостанайлық медиаторлар ажырасқысы келіп жүрген жандарды татуластыруда біраз жұмыс атқарған көрінеді. Мәселен, 2017-де екі жақтың бітімге келуі жөнінен көрсеткіш 4,5 пайызды құрапты. Осы орайда көрші облыстың мамандары теріскейлік әріптестерімен әдіс-тәсілдермен бөлісті.

Гүлбақша Мұсабаева – СҚО ҚХА медиация кабинетінің меңгерушісі:

– Бүгін екі аймақ арасындағы семинар-тренинг тәжірбие алмасуға бағытталған. Жиныға мектептердің мамандары, облыстық полицияның қызметкелері, прокуратура және барлық кәсіп одақ мамандары қатысуда.

СҚО-да 28 кәсіби медиатор жұмыс істейді. Оған қоса тағы 300-ден астам кәсіби емес бітімгер бар. Олар жылына облыстық деңгейде мыңдаған істі қарайды. Айта кетейік, бүгінгі семинар-тренингке қатысқандарға кәсіби емес медиаторларға арналған біліктілікті арттыру курсынан өткендігі туралы куәлік беріледі.

Дана  Ешкенова