МТРА жаңалықтары

Кітапхана қоры 18 оқулықпен толықты

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қоры сиясы кеуіп үлгермеген туындылармен толықты. Петропавлға “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық” жобасы аясында 18 еңбек жеткізілді.

2017 жылдың сәуірінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаны жариялады. Дәл осы тың бастамада Елбасы “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық” жобасын қолға алуды тапсырған болатын. Қазір бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұған дәлел мына – 18 кітап. Олар ана тілімізге аударылған.

Нәзира Ысқақова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК кітапханашысы:

– Бұл оқулықтарды елімізге танымал университеттердің ғалымдары мен оқытушылары аударған болатын. 18 оқулықтың 16-сы – ағылшын, біреуі – француз және біреуі орыс тілінен аударылды. Оқулықтар студенттер мен оқытушылар үшін маңызды. Мұнда өте көп ақпарат бар.

Бұл – облыстық кітапханаға жоба аясында әкелінген алғашқы туындылар. Олар түрлі тақырыпта жазылған. Психология, әлеуметтану, философия және тағы да басқалары. Кәсіпкерлік те назардан тыс қалмапты. Мына еңбек “Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика” деп аталады. Оның авторы – ағылшындық профессор Доналд Куратко. Мұнда жеке істі бастау, қалай жүргізу туралы баяндалады. Яғни, болашақ бизнесмендер үшін таптырмас дүние.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

–  Шынымен де, бұл жердегі кітаптардың барлығы қызық, ерекше. Өзіме мына туынды ұнады. Оны ағылшындық ғалым, жазушы Юваль Харари есімді азамат жазыпты. Мұнда адамзаттың қысқаша тарихы баяндалады. Яғни, өткен замандарда орын алған оқиғалардың барлығы қағаз бетіне түскен. Бұл еңбекке әлемге әйгілі азамат Билл Гейтс мынандай пікір қалдырған. Елсіз аралға өзіңмен бірге ала кететін 10 кітаптың бірі осы шығар деген екен.

Айта кетейік, оқырмандар кітапханада “Рухани жаңғыру” бағларламасы аясында басылып шыққан басқа да еңбектермен таныса алады.

Нәзира Ысқақова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК кітапханашысы:

– Бірқатар сериялық кітаптар бар. Ол – “Қазақстанның қасиетті жерлері”. Мұнда тарихи деректер баяндалады.

“Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық” жобасы аясында облыстық кітапханаға тағы да оқулықтар әкелінеді. Мұнда жыл соңына дейін тағы 30 еңбек жеткізіледі деп жоспарланған.

Байболат Бектемірұлы