Спорт

“Qyzyljar” FC “Жетісу-Б” командасын жеңе алмады

Тоқсан минутта тең тарасты! Сенбі күні еліміздің 7 қаласында футболдан бірінші лига командалары арасында кездесулер өтті. 18-ші турда жергілікті “Qyzyljar” футбол клубы талдықорғандық “Жетісу-Б” командасын қабылдады. Матчта жергілікті ұжым жанкүйерлердің үмітін ақтамады. Олар турнирлік кестеде өздерінен бірнеше саты төмен орналасқан қарсыластың қақпасына бір гол да соға алмады.

“Qyzyljar” FC үшін бүгінгі ойын өте маңызды. Жерлестеріміз “Жетісу-Б” командасын жеңсе, 3 ұпай еншілейді. Нәтижесінде турнирлік кестенің көш басында тұрған “Алтай” мен “Каспий”-ге бір табан жақындайды. Яғни, премьер-лига шығу мүмкіндігін арттырады. Осыны жақсы білетін жігіттер тізгінді қолға алып, салған жерден алға ұмтылды. Бірнеше рет қарсылас қақпашыға қауіп төндірді. Бірақ, талдықорғандық Нұрлыбек Аязбаев сауатты өнер көрсетіп, гол жібермеді. Тіпті, ол Максим Драченконың кенеттен баспен бағыттаған добын да қайтарып, көпшілікті таң қалдырды.

Бұл алғашқы таймда орын алған қауіпті сәттердің бірі ғана. Бұдан соң да қызылжарлықтар қарсыластың апшысын қуыруға тырысты. Әсіресе, Момоду Сиссей, Шота Григалашвили сынды үздіктер есеп ашуға барларын салды. Бірақ, одан түк те шықпады. Көп жағдайда тепкен доптары қисық кетті, қорғаушылардан әрі аспады. Басқа ойыншылар да голға қарқ қылмады. Осылайша алғашқы тайм да аяқталды. Бұған жанкүйерлер қатты назаланды.

–  Осыдан 1 апта бұрын команда тәуір өнер көрсетіп еді. Бүгін ойындары мүлде жүрмей жатыр. “Жетісу”-ға алғашқы таймда бірнеше гол соғуға болар еді.

– Біздің команда нашар ойнап жатыр. Екінші таймда гол соғуға тілектеспін.

Жанкүйерлер екінші таймда гол көруге дәмелі еді. Бірақ, “Қызылжар” да, “Жетісу” да көсіліп өнер көрсетпеді. Доп көбінесе алаңның орталық бөлігінде болды. Бірақ, біздің жігіттерде ойын соңына қарай есеп ашуға тамаша мүмкіндік болды. Алайда, Ельмар Набиевтың таяқ тастам жерден тепкен добы қақпаға дарымады.

Осылайша ойын аяқталды, қарсыластар тең тарасты. “Qyzyljar” қоржынға аса маңызды 3 емес, тек 1 ұпай салды.

Қасым Әлібек – “Qyzyljar” FC қорғаушысы:

– Бізге дәлдік жетіспеді. Қанша рет шабуылдағанымызбен гол соға алмадық. Әрине, өкінішті. Жергілікті алаңда, жанкүйерлердің алдында жеңіске жетпедік. Жетісулық жігіттердің шеберлігіне жоғары баға беремін. Қорғаныста сауатты ойнады.

Қазір “Qyzyljar” FC еншісінде 36 ұпай бар. Турнирлік кестеде 3-ші орында тұр. Жерлестеріміз келесі ойындарын тамыздың 30-ы күні сырт алаңда шымкенттік “Қыран” командасына қарсы өткізеді.

Байболат Бектемірұлы