ТЖ

Орақ маусымындағы рейдтік шаралар

Сақтықта қорлық жоқ. Орақ науқаны басталысымен егін алқаптарындағы өрт қаупі де күшейе түседі. Осы орайда төтенше жағдайлар департаментінің мамандары облыс аумағында рейд өткізіп жатыр.

Бұл – Қызылжар ауданындағы «Сервис-Жарс» серіктестігінің егін алқабы. Мұнда мамандар егістікте жүрген техникаларды тексеруде. Қауіпсіздік ережелері бойынша әр комбайн мен тракторда өрт сөндіргіш құралы болу керек екен. Ал техниканың жағармайын ұшқын шықпайтын ашық жерде құю қажет. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша орман алқаптарына жақын орналасқан егістіктің шетіндегі шөпті ені 8 метр болатындай етіп шабу керек.

Аслан Ахметжанов – Қызылжар ауданы ТЖ бөлімінің бастығы:

– Аудан бойынша 1 мобильді топ құрылды. 150-ге жуық рейдтік тексеріс жүргіздік. Ережеге сай техника алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған болуы тиіс. Сонымен қатар, егін орудың алдында жол мен орманға жақын орналасқан алқаптардың шетін ені 4 метрдей қылып ору қажет.

Астық бітік шыққанмен де оны ысырапсыз жинап алу да маңызды. Сол себепті, жұмысшыларға қауіпсіздік ережелері туралы жиі ескертіп тұрамыз дейді «Сервис-Жарс» серіктестігінің бас агрономы Руслан Өтебай.

Руслан Өтебай – «Сервис-Жарс» ЖШС бас агрономы, Қызылжар ауданы:

– Астықты жинауды өткен дүйсенбіде бастадық. Бүгінде алқапта 14 техника жұмыс жасап жатыр. Барлық комбайндар өрт сөндіру құралдарымен қамтылған. Жеке құрам техника мен өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқау алды.

Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша егін алқаптарында ешқандай өрт тіркелген жоқ. Ал былтыр Аққайың ауданында 5 гектар бидайды от шалған. Жұмысшылар тілсіз жауды өрт сөндіру құралдарымен ауыздықтапты.

Бердімұрат Баймұқан