Қайырымдылық

Мария Истоминаның еміне көмек керек

Жерлесіміз Мария Истоминаның еміне қомақты қаражат керек! Мүгедек болып туылған қыз жұлын жарығы және бүйрек ауруынан зардап шегеді. Бүлдіршінің омыртқасына Израильде ота жасату үшін 21 млн теңге қажет. Бірақ, мұндай сома балақайдың ата-анасында жоқ.

Екі күннен кейін Маша небәрі 1,5 жасқа толады. Бүлдіршін мүгедек болып дүниеге келген. Теріскейлік дәрігерлер жаңа ғана туылған сәбидің халы жиі нашарлай бергендіктен, 10 күнге шыдамайтынын айтқан екен. Балақайдың беті бері қарағанның өзінде ол қимылдау тұрмақ, тамағын жұта алмайды депті. Алайда, өмірге құштар қыз кіп-кішкентай басына түскен ауыртпалықтардың бәрін біртіндеп жеңіп келеді. Осы күнге дейін бөбектің басы мен бүйрегіне күрделі 3 ота жасалған. Нәтижесінде бүлдіршіннің қол-аяғы жұмыс істей бастапты. Оның толық сауығып кетуі үшін тағы бір операция керек.

Оксана Истомина – Марияның анасы:

–  Мұндай ота тек Израильде жасалатынын естідік. Кейін сол жақтың білікті мамандарын тауып, Машаның хал-жағдайы туралы айттық. Олар операция жасауға бірден келісім берді. Алайда, отаға қажетті қаражатты қалтамыз көтермейтіндіктен, мейірімді жандардан көмек сұрауға мәжбүрміз.

Теріскейліктер жерлесіміздің өміріне бейжай қарамайды. Олар да қолынан келгенін аямауда.

Әсем ән, мың бұралған бишілер мен сәнқойлар. Қала орталығында отаға қажетті ақшаны жинау мақсатында қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Шарада өңір дарындылары бар өнерін паш етуде.

Мына қыздар ертегідегі ханшайымдардың киімін киіп алғандай. Олар жиналған жұртшылыққа сән үлгілерін көрсетіп жатыр. Аққу Даниер қайырымдылық шарасына алғаш рет қатысуда. Жерлесіміз мұқтаж жандарға қол ұшын созуды парызы санайтынын айтты.

Аққу Данияр – қайырымдылық шарасына қатысушы:

– Мен балақайдың толық жазылып кететініне сенемін. Оған және оның жақындарына денсаулық пен бақыт тілеймін.

Ал мына жақта қайырымдылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. Келгендер қолдан жасалған түрлі түсті ойыншықтар мен білезіктерді сатып алып жатыр. Саудадан түскен қаражаттың барлығы Машаның еміне жұмсалады.

Айта кетейік, қайырымдылық акциясында барлығы 150 мың теңгеден астам қаржы жиналды. Алайда, бұл сома қыздың отасына жетпейді. Операцияның құны – 21 млн теңге. Әрі жол шығыны бар. Ота қараша айында жасалуы керек. Машаның еміне көмек беруге ниет танытқандар ақшаны көрсетілген есепшотқа аудара алады.

Маржан Касымбек