Халық тарих толқынында

Еңбек ардагері Наталья Белецкая 80 жасқа толды

Біріне ұстаз, біріне әріптес, енді біріне үлгі тұтар жан. Бүгін еңбек ардагері Наталья Белецкая 80 жасқа толды. Той иесі өмірінің 60 жылын ұстаздық жолға арнапты.

Наталья Белецкая 1939 жылы 26 тамызда Свердловск облысында дүниеге келген. Азаматшаның әкесі соғысқа аттанған соң, отбасы өңірімізге қоныс аударады. Қиын-қыстау уақытта нәзікжандының анасы Прасковья Ивановна ұл-қыздарының тәрбиесіне ерекше мән берген екен. Ол бес баланың барлығын оқытыпты. Мәселен, Наталья Петровна Петропавл педагогикалық институтын тәмамдайды. Кейін, оқу орнында қызмет етуге қалады.

Наталья Белецкая – еңбек ардагері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

– Мен бұрынғы Петропавл педагогикалық институты, қазіргі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ түрлі қызмет атқардым. Еңбек жолымды 1964 жылы география кафедрасының лаборанты болып бастадым. Кейін, өмірімнің 60 жылын ұстаздыққа арнадым. Мұғалімдер институтын басқардым. Тағы, «Физикалық география» кафедрасының меңгерушісі болдым.

Жерлесіміз ұстаздық қызметте жүздеген жасқа білім нәрін сіңіріп, үлкен өмірге қанат қақтырды. Көпшілігі қазір лауазымды қызмет атқарады. Араларында оқытушыларының жолын қуғандар да бар. Бүгінде олардың кейбірі – факультет декандары. Бір қуантарлығы, шәкірттер мұғалімдерін ұмытпайды. Үнемі хабарласып, амандық сұрасып тұрады екен. Бұл жолы да солай болды. Азаматшаның шәкірттері профессорды 80 жылдық мерейтойымен құттықтады. Жылы лебіздерін мен тілектер білідірді.

Сергей Пашков – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ математика және жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы:

– Біріншіден, Наталья Петровнаға үлкен алғысымды білдіремін. Себебі, ол кісі әрдайым маған қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін беріп тұратын. Осының арқасында жоғары жетістікке жеттім. Ол мен үшін жай ғана ұстаз, әріптес қана емес, ең жақын досым да. Мұндай жандардан өскелең ұрпақ үлгі алуы тиіс.

Владимир Синицин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ география және экология кафедрасының оқытушысы:

– Наталья Петровнаны 40 жылдан бері танимын. Студент кезімде мен оны тәжірибелі оқытушы ретінде ерекше құрметтедім. Ал әріптес атанған кезде оның барлық жақсы қасиеттерін бойыма сіңірдім. Ол өте еңбеқор жан. Үнемі экспедицияларға баратын, ізденетін. Әрдайым жұмысқа құлшынып тұратын. Туған күн иесіне бар жақсылықты тілеймін. Ғұмыр жасы ұзақ болсын.

Наталья Белецкая өңіріміздің дамуына да мол үлес қосқан. Мәселен, табиғатты қорғауға бағытталған бірнеше жоба мен әдістемелер әзірлепті. Тағы, геоэкологияға байланысты 10-ға жуық кітап жазған.

Оған қоса, Наталья Петровна бірнеше монографияны жазуға атсалысыпты. Мәселен, оның қатысуымен 2003 жылы «Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығын жүргізу жүйесі» атты ұжымдық еңбек жарық көрген. Тағы, ресейлік ғалымдармен бірлесіп «Солтүстік Қазақстанның су экожүйесі» туындысын шығарған. Жалпы, Наталья Белецкая өмірінде 200-ден аса ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыс жазыпты. Мұның барлығы – ұзақ жылдық тәжірибенің, ізденістің арқасы.

Наталья Белецкая – еңбек ардагері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

– Бір еңбекті әзірлеуге біраз уақыт кетеді. Кем дегенде 1-2 жыл жұмсайсың. Себебі, ізденіп, зерттеп барып қана ойыңды, естігеніңді, көрген-білгеніңді қағазға түсіресің. Әйтпесе жұмыс сапасыз шығады. Шығармашылықта аса мұқият болған жөн.

Жерлесіміздің төккен тері елеусіз қалмады. Наталья Петровна – білім саласында бірнеше рет құрметке бөленген жан. Ол – Еңбек ардагері медалі және Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісі сынды марапаттардың иегері.

Дана  Ешкенова