Спорт

Балалар арасындағы шағын футболдан облыстық турнир

Петропавлда балалар арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 6 команда қатысты. Ойыншылар – 14 пен 16 жастағы жеткіншектер.

Бүгінгі додада жас аяқдопшылар жеңіс туын желбірету үшін барларын салуда. Бұл жолғы жарыста барлығы 6 команда бақ сынасып жатыр. Олар – Есіл, Шал ақын, Тайынша, Мамлют аудандарының өрендері мен петропавлдық “Жеңіс” және “Қызылжар” командаларының футболшылары.

Серікбай Сүлейменов – Облыстық спорт орталығының сектор жетекшісі:

– Турнир жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Бүгін 72 ойыншы қатысуда. Бұл ойынның үлкен футболдан айырмашылығы – қақпа мен алаң кішірейтілген. Бір командадағы ойыншы саны болса 5-тен аспайды. Ал ережесі бірдей.

Алаңда Шал ақын ауданы мен петропавлдық «Жеңіс» құрамасының ойыншылары бәсекелесуде. Алғашқы голды жергілікті команданың ойыншысы соқты.

Шалақындық футболшылар да барынша тырысып есе жібермеуде. Бірінші таймда олар қақпаға 1 гол соғып, есепті теңестірді.

Рауан Бектемір – Шал ақын ауданы командасының ойыншысы:

– . Біз бүгін петропавлдық “Жеңіс” командасымен ойнап жатырмыз. Қазір есеп 1-1. Осыдан кейін Мамлют ауданының ойыншыларымен доп тебеміз. Бүгінгі ойында жеңіске жетеміз деген үміттемін.

Екінші таймда «Жеңіс» құрамасының аяқдопшылары жақсы өнер көрсетті. Олар 2-1 есебімен жеңіске жетті.
Жарыстың қорытындысына сай мықтылар медаль, кубок және грамоталармен марапатталды. Бұл жолы петропавлдық футболшылар өздерін жақсы қырынан көрсетті, «Жеңіс» құрамасы үздік атанды, екінші орын «Қызылжар» командасына бұйырды. Шал ақын ауданының ойыншылары 3-орынды місе тұтты.

Бердімұрат Баймұқан