БалаларҚұқық қорғау органдары

Петропавлда “Абайлаңыз, балалар” акциясы өтуде

“Абайлаңыз, балалар!” Өңірімізде осындай атаумен жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылған шара барысында полицейлер кішкентай ұл-қыздармен кездесіп, жолда жүру ережелерін түсіндіруде.

Бұл – “Алтын бесік” балабақшасының тәрбиеленушілері. Оларға тәртіп сақшылары жолда жүру ережелерін ойын арқылы түсіндіріп, үйретіп жатыр. Балдай тәтті бүлдіршіндер полицейлердің айтқанын тез-ақ ұғып алды.

Асанәлі Қайырбек – «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиеленушісі:

– Кез келген жолаушы жолда ереже сақтауы керек. Егер де ереже сақтамаса, апат болуы мүмкін. Біз бақшада сол ережені үйренеміз. Бізге оны досымыз – бағдаршам, регулировщик үйретеді.

Өз кезектерінде бүлдіршіндер полицейлерге робототехника кабинетіндегі жол қозғалысы макетін және өздері құрастырған бұйымдарды көрсетті.

Малика Көбеген – «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиеленушісі:

– Апат орнына робот-эвакуатор келеді. Өз жұмысына кіріседі.Жүргізуші машинаға тросс тіркейді. Қалған жұмысты робот-эвакуатор істеді.

Жалпы, “Абайлаңыз, балалар” республикалық акциясы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең тамыздың 31-і күні аяқталады. Оған дейін тәртіп сақшылары оқу орындарына жақын орналасқан жолдардың инфрақұрылымын зерттейді. Яғни, көше бойларындағы белгілердің сапасын және қандай жерлерге жылдамдық бәсеңдеткішті орнату қажеттігін қарастырады. Сонымен қатар, шара аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Бүгін «Алтын бесік» балабақшасында кішкентай балалармен шағын сабақ өткізілді. Бұл сабақта балаларға жол жүру ережелерінің негізгі талаптары түсіндірілді. Жол қозғалысын реттеушінің белгілері көрсетілді және көрнекі үгіттеме-парақшалары табысталды.

Ал “Абайлаңыз, балалар” атты республикалық акцияның екінші кезеңі Білім күні басталады екен. Ол оқушылардың қозғалыс қауіпсіздігіне бағытталмақ.

Дана  Ешкенова