Ауыл шаруашылығы

«Петерфельд-Агро» ЖШС қысқа қамдануда

Қыстың қамын жаз ойла! Осыны жақсы білетін Қызылжар ауданының шаруалары қауырт кезеңге қамдануда. Бүгінгі күнге дейін мамандар бел жазбай еңбек етіп, 66 мың тонна шөп дайындапты. Бұл өнімнің бір бөлігі «Петерфельд-Агро» серіктестігіне тиесілі. Қазір шаруашылық ала жаздай өсірген пішендемені дестеге түсіріп, жинап жатыр. Мал азығының гектар шығымдылығы 100 центнерге жақындайды.

Алқапта қызу жұмыс. «Петерфельд-Агро» серіктестігінің қос тракторы 290 гектардағы пішендемені шауып жатыр. Техникалардың мүмкіндіктері зор. Олар танап бетінде жоғары жылдамдықпен жүреді. Әрі тіркеп алған дестелегіштерінің ұзындығы – шамамен 12 метр. Яғни, бір өткенде осыншама аумақтағы өнімді атжалға түсіреді. Мұндай қарқынмен жұмысшылар күніне 1000 тонна азық дайындайды екен.

Пётр Порубенский – «Петерфельд-Агро» ЖШС басқарушысы, Қызылжар ауданы:

– 2019 жыл «Петерфельд-Агро» серіктестігі үшін сәтті өтіп жатыр. Осы күнге дейін 22 мың тоннадай пішендеме әзірледік. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Шабындық жұмыстары аяқталғанша көрсеткішті 32 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мал азығының шығымдылығы өте жақсы. Бүгінде гектар берекелігі 100 центнерге жақындайды.

Пішендеменің шығымдылығынан бөлек, сапасы да жақсы. Себебі, алқаптар көктемде де, жазда да бірнеше рет химиялық өңдеуден өтіпті. Нәтижесінде өнім ешқандай ауруға шалдықпаған. Арамшөптер де байқалмайды. Айта кетейік, шабылып жатқан азық сұлы мен арпадан тұрады. Мұндай пішендемені мал сүйсініп жейді екен.

Пётр Порубенский – «Петерфельд-Агро» ЖШС басқарушысы, Қызылжар ауданы:

– Бүгінде «Петерфельд-Агро» ЖШС 4 мыңға жуық ірі қара бар. Оның 512-сін биыл Чехия елінен әкелдік. Осынша малға 20 мың тоннадай пішендеме қажет. Мұндай азықты жеген жануар тез күй жинайды. Әрі сүтті де мол береді. Сондықтан, күн-түн демей еңбектеніп жатырмыз.

Дестеленген өнім көп кешікпей үгітіліп, камаздарға артылады. Осылайша азық шаруашылыққа жеткізіледі. Онда пішендеме сығылады, оттегісі шығарылады. Кейін, 40 күн бойы престеулі күйде тұрады. Содан соң ғана малға беріледі. Берекелі өнім алуда қуаттың техниканың мүмкіндігі зор. Сол себепті, шаруашылық машина паркін жаңартуға аса мән береді.

Пётр Порубенский – «Петерфельд-Агро» ЖШС басқарушысы, Қызылжар ауданы:

– Биыл біз өте көп техника сатып алдық. Олардың қатарында топырақты өңдегіш агрегаттар бар. Азықты тасуға арналған жабдықтарды да әкелдік. Оның бәріне 300 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды.

Серіктестік пішендемені аяқтаған соң, сүрлем әзірлеуге кіріспек. Яғни, жүгері жинауды бастайды. Оның да шығымдылығы жақсы. Жалпы, осы күндері шабындық жұмыстары Петерфельд-Агрода ғана емес, Қызылжар ауданындағы өзге де шаруашылықтарда қызу жүріп жатыр. Істің басым бөлігі тындырылыпты.

Аманжол Сәкенов – Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Бүгінге дейін Қызылжар ауданында 66 мың тонна шөп әзірленді. Осылайша жоспар 100 пайызға орындалды. Дегенмен, шаруалар жұмысты әлі де жалғастырып жатыр. Мал азығы қысқы кезеңде артығымен жету үшін дала басында еңбектенуде. Дайындалған пішендеменің қоры 35 мың тоннаны құрайды.

Қызылжарлықтар сүрлем әзірлеуді 25-ші тамыздан соң бастамақ. Олар биыл аталған азықтың 94 мың тоннасын дайындауды жоспарлап қойыпты.

Байболат Бектемірұлы