МТРА жаңалықтары

Кезекті мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өтті

Білім беру, денсаулық сақтау, жер қатынастары, ауыл және тұрғын үй комуналдық шаруашылығы мен құқық қорғау. Бүгін қалалық жұмыспен қамту орталығында мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі өтті. Шарада білікті мамандар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, кеңестерін берді.

Жәрмеңкеге жиналған теріскейлік қауымның қатары қалың. Олардың арасында Петропавл тұрғыны Шолпан Үсенова да бар. Нәзік жанды болашақта төрт-түлік ұстауды жоспарлап отыр. Істі бастамас бұрын білікті мамандардан кеңес алуды жөн санапты. Сол себепті осында келген екен. Мұндағы қызметкерлер жерлесімізге барлығын бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берді.

Шолпан Үсенова – облыстық көп бейінді балалар ауруханасының медбикесі:

– 21 Мамандар мені қызықтырған сұрақтардың жауабын табуға көмектесті. Кәсібімді қалай бастарымды және қалай өркендетуге болатынын айтты. Мұнда келіп, мол ақпарат ала алғаныма қуаныштымын.

Жәрмеңкеде Шолпан Үсенова сияқты адамдар көп болып шықты. Олардың басым бөлігін ауыл шаруашылығын таңдапты. Өйткені, елімізде осы саланы дамытуға айрықша көңіл бөлінген. Бірақ, істі қалай және неден бастарын білмейді. Дегенмен бұл өзекті мәселе емес. Мұндағы мамандар әрбір келушіге бағыт-бағдар беріп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайлы да айтты. Барлығын түсіндірді.

Бақытжамал Жарылқапова – қалалық ветерина́рия бөлімінің бас маманы:

– Біз ветерина́рия саласы бойынша қызықтырған сұрақтарға жауабын береміз. Мәселен, мал шаруашылығымен қай жерлерде айналысқан дұрыс екенін айтамыз. Оған қоса, оның беретін өнімін қалай арттыруға болатындығын да түсіндіреміз.

Ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, жер қатынастары, тұрғын үй комуналдық шаруашылығы, құқық қорғау. Жалпы, жәрмеңкеге 13 мемлекеттік орган және 5 банктың өкілдері қатысты. Олар келгендерге электрондық түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер жайлы да әңгімеледі.

Еркін Жақсылықов – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Петропавлда мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесін осымен 2-ші жыл өткізіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – электрондық үкімет порталын таныстыру. Оның көмегімен тұрғындар тиісті мекемелерге бармай-ақ, толғандырған сұрақтарын әлеуметтік желі арқылы жолдай алады. Ол үшін порталға тіркелу керек.

Тұрғындар электронды түрде сұрақ қою арқылы уақыттарын үнемдейді. Айта кетейік, алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкесі қаладан бөлек, өңірдің ауылдарында да өткізіледі.

Маржан Касымбек