Жер телімдері – мемлекет бақылауында

Құрылыс

21:20 22 Тамыз 2019

Мақсатты пайдаланылмай келген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылады. Үкімет биылдан бастап жалға алушыларға қойылатын талаптар мен бақылауды күшейткен.

Өңіріміздің жалпы аумағы 9 млн 804 гектарды құрайды. Оның 75 пайызы ауыл шаруашылығында қолданылады. Мамандардың сөзінше, мәселелердің басым бөлігі аталған салада туындайды екен. Нақтырақ айтар болсақ, мемлекеттен жалға алынған жерлерді құжаттағы көрсетілгендей мақсатта пайдаланбау фактілері аз емес. Яғни, онда үй немесе басқа да нысан салып немесе аумақты мүлдем игерусіз қалдыратындары бар көрінеді.

Бейбітбек Жайлыбаев – СҚО жер инспекциясы басқармасының басшысы:

– Ауыл шаруашылығы мақсатындағы және құрылыс объектілеріне арналған жерлерді пайдаланбау өзекті мәселеге айналып жатыр. 2018 жылдың мамыр айында Жер кодексіне өзгерістер енгізілді. Осыған орай әр ауданда жер инспекторлары 107 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 5 млн теңгеден аса айыппұл салынды.

Жер телімін дұрыс пайдалану арқылы өндіріс көлемін кеңейтіп, халықтың тұрмысын одан әрі жақсартуға болады. Оған қоса ел экономикасының даму қарқыны да артады. Осыған орай үкімет жалға алушыларға қойылатын талаптарды күшейтіп отыр. Яғни, жер тиісті мақсатта пайдаланылмайтын болса немесе игерусіз жатса ол 3 жылдан кейін мемлекетке қайтарылады.

Инспекция мамандары өңірде соңғы 4 жылда 2 мыңға жуық тексеріс жүргізген екен. Оның ауқымы 3 млн-ға жуық гектарды қамтып отыр.

Бейбітбек Жайлыбаев – СҚО жер инспекциясы басқармасының басшысы:

– Бұл тексерулер барысында 1,7 млн га жер заңнамасының 985 бұзушылығы анықталды. Осы күнге дейін аумағы 529 гектар жерде орын алған заң бұзушылықтар жойылды. Яғни, егістіктерге егін егілді. Тексеру нәтижелері бойынша жалдау шарттарын бұзу жолымен 658 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жер телімі дұрыс пайдаланылып жатыр ма, жоқ па? Оны мамандар спутник арқылы бақылай алады.

 

 

 

 

Маржан Касымбек

Бұдан әрі оқыңыз

Биыл 1 мыңнан астам адам қоныс тойын тойлады