Денсаулық сақтау

СҚО ауруханалары биыл 80 қондырғымен толықпақ

Сапалы медицина енді қолжетімді. Үстіміздегі жылдың соңына дейін өңірдегі ауруханалар жаңа, қымбат әрі соңғы үлгідегі 80-ге жуық қондырғымен толықпақ. Бұл үшін бөлінген қаржы да қомақты. Шетелдік аппараттардың басым бөлігі бүгінде сатып алынып, тиісті мекемелерге орнатылған.

134 млн теңге. Осынша қаржыға биыл облыстық онкологиялық диспансЕр сандық маммограф сатып алған. Бұл – соңғы үлгі. Аппарат сүт безінің қатерлі ісігін бастапқы кезеңде анықтай алады. Бұл аса маңызды. Өйткені, кесел ерте табылса, оны емдеу де оңай болмақ. Яғни, қондырғы диспансердің диагностикалық мүмкіндіктерін біршама арттырып отыр.

Ольга Пукса – облыстық онкологиялық диспансері сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі:

– Егде жастағы әйелдің сүт безі іркілдек келгендіктен, ісікті оңай табуға болады. Ал жас қыз-келіншектердің кеудесі тығыз. Сәйкесінше, дертті табу қиынырақ. Ал маммографта сүт безінің әр миллиметрін зерттейтін “томосинтез” функциясы бар. Сондықтан, тез әрі нақты диагноз қоюға болады.

Мұндай маммограф – қажет дүние. Дәрігерлердің айтуынша, сүт безінің қатерлі ісігі – ең көп тараған онкологиялық кесел. Отандық статистиктер күн сайын бұл дерттен 4 қазақстандық келіншек қайтыс болады деген ақпар беріп отыр. Солтүстікқазақстандықтардың нәзікжандылардың арасында да ауру жиі кездеседі.

Олег Дудяк – облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:

– Жыл басынан бері 113 теріскейлік әйелден сүт безінің қатерлі ісігін таптық. Жалпы, диспансерлік есепте бұл дерт бойынша 2025 нәзікжанды тұр. Біздің облыс үшін бұл – аса жоғары көрсеткіш. Онкологиялық аурудың бұл түрі көбіне 50-ден асқан азаматшаларда анықталып жатады.

Ал 350 млн теңге тұратын мына компьютерлік томограф өңірде біреу-ақ. Ол облыстық ауруханада тұр. Қондырғы кез келген органды зерттеп, оның 3Д моделін жасап, алуан түрлі ауруды анықтай алады. Ең бастысы, аппараттың мүмкіндіктері әр теріскейлікке қолжетімді. Жаңа томограф ескісіне қарағанда ішкі органның суретін 4 есе сапалырақ қып көрсетеді екен. Сәйкесінше, патологияны табу да дәрігерге оңайға түспек. Ал ескі қондырғы қайда?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Бұрынғы томографты біз Тайынша аудандық ауруханасына жібердік. Енді Тайынша, Айыртау, Ақжар және Уәлиханов ауадынының тұрғындары сол жерге барып емделуге мүмкіндік алып отыр.

Әзірге, аудандық ауруханаларға бұрынғы аппараттармен жұмыс жасай тұру қажет. Өйткені, әзірге басымдық Петропавлға беріліп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өздеріңіз білесіздер, біздің бөліністерімізде барлық қондырғылар ескірген. Бұл талай рет айтылған еді. Сол себепті, біздің ең бірінші мақсатымыз – Петропавл қаласындағы ауруханаларды қамтамасыз ету. Біріншіден содан бастау керекпіз.

Жыл аяғына дейін өңір ауруханалары 80-ге жуық жаңа медициналық қондырғымен толықпақ. Мәселен, өлкедегі жалғыз, бірақ ескі магниттік резонанстық томограф жаңартылады, тағы онгиограф пен 66 жедел жәрдем көлігі алынады. Бұл үшін өткен жылға қарағанда 3 есе артық ақша – 4 млрд теңге бөлініп отыр. Ал келесі жылы сома бұдан да қомақты болады дейді облыс әкімі. Нәтижесінде, алдағы бірнеше жыл ішінде сапалы әрі заманауи медицина жерлестерге қолжетімді бола түспек.

 

 

 

Саят Ермек