Спорт

Петропавлда тай боксынан ел чемпионаты өтуде

250-ге жуық тайбоксшы 3 күн бойы тартысады. Бүгін Петропавлда “Солтүстік кубогы” атты ел біріншілігі бастау алды. Байрақты бәсекеге спортшылар Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиылған.

Рингке алғашқылардың бірі болып Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан келген балалар шықты. Екеуі де дес берер емес. Ширақ әрі жылдам қимылдап, бір-біріне жойқын соққылар бағыттауда. Тиісті тактиканы таңдап, оны ұтымды қолдана білген алматылық Дәулет Қонысбек жеңіске жетті.

Дәулет Қонысбек: жарысқа қатысушы, Алматы облысы:

– Мен негізі 4 жыл таэквандомен айналысқанмын. Кейін, өзімді тай боксында сынап көрмек болдым. Осылайша қазір жарыстарға қатысып жүрмін. 0:09 Кездесу қиын болған жоқ. Жеке бапкерімнің кеңесімен ойнап жүріп, қарсыласымды ұттым.

Бүгінгі чемпионатта көзге түскендер әлемдік тартысқа жолдама алады. Ол Анталия қаласында қыркүйектің 3-і мен 9-ы аралығында өтпек. Дүбірлі додада бақ сынап, туған жерінің намысын абыроймен қорғау – әр спортшы үшін үлкен жетістік. Сол себепті, жарысқа қатысушылардың барлығы дерлік 100 пайызға дайындалып келген. Облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының президенті Иван Ван-Хон-Тунның айтуынша тай боксын таңдаған спортшылардың бабы да, саны да артып келеді.

Иван Ван-Хон-Тун, СҚО жауынгерлік өнер қауымдастығының президенті:

– Тай боксы өңірде 2007 жылдан бері қарқынды дамып келеді. Бүгінге дейін теріскейлік жастардың жеткен жетістіктері көп. Тіпті, әлемдік чемпионаттарда жеңімпаз атанған спортшылар бар. Қазіргі таңда өңірімізде осы спорт түрімен айналысатын 300-ге жуық саңлақ бар. Оның 20-сы “Спорт шебері” атағын иеленген.

Бүгінгі сайыс осымен аяқталмайды. Тартыстың соңғы күні, яғни тамыздың 25-і көрермендер одан бетер тартысты кездесулерге куә болмақ. Сенбіде шаршы алаңда тек ел біріншіліне қатысушылар ғана емес, 2 бірдей кәсіпқой спортшы жұдырық түйістіреді.

Актолкын Солтанханкызы