Мәдениет

Ақын, жазушы әрі журналист Тоқтар Зікірин 70-ке толды

Ақын, жазушы әрі журналист Тоқтар Зікірин 70 жасқа толды. Осыған орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Жиын барысында ақынның «Өмір өзегі» атты өлеңдер жинағының тұсауы кесілді.

Кеш барысында ақынға өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан құрмет грамотасы табыс етілді.
Салтанатты жиынға Тоқтар Нұрахметұлының үзеңгілес достары оның шығармашылығы мен бүгін жарық көрген кітабына тоқталып өтті. Ақын жолдастарының арасында шығармашылық таланты, терең ойы және адал еңбегімен құрметті екен.

Жарасбай Сүлейменов, Қазақстан Жазушылар одағы СҚОФ директоры, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС директоры:

– Бұл кісінің өлеңдері уақытқа сай жазылған. Мысалы,жас кезінде махаббат туралы өлеңдері көп болды және табиғатқа деген сүйіспеншілігін, анаға деген махаббатын жазды. Тағы, өмір туралы, оның шындығы туралы өлеңдері де көп.

Тоқтар Зікірин «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінде біраз жылдар бойы еңбек еткен. 20 жасынан бастап поэзия әлемінде желкенін көтеріп алғашқы жырларын жаза бастайды. Республикалық басылымдарда жарық көріп жүрген жүрекжарды жырлары Тұманбай Молдағалиев, Қадыр мырза Әли, Сағат Қашымбаев, Тынышбай Рахымов сияқты танымал тұлғалардың оң бағасын алған. Сондай-ақ, ақын өзінің көркем туындыларымен аймақтық, республикалық жыр мүшайраларында жеңімпаз атанған.

Тоқтар Зікірин – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

– Бұл кітабымда өлеңдер жинағына енген Отан, ел, туған жер, ауылға деген сағыныш, ауылдағы тұрмыс, көңіл-күй лирикасы, жас кезде жазған махаббат лирикалары бар.

Осы күнге дейін ақынның қаламынан «Жан шуағы», «Көңіл көкжиектері», «Тіршілік тынысы» және «Бұл бір дәурен» сияқты жыр жинақтары жарық көрген. Бүгін, міне 5-ші – «Өмір өзегі» атты кітабының тұсауы кесілді. Кітапта талант иесінің таңдаулы туындылары жазылған. Ол мың данамен сатылымға шықпақ.

 

 

 

Бердимурат Баймухан