ТЖ

Құтқарушылар мәнерлеп өлең оқыды

Петропавл құтқарушылары бүгін мәнерлеп тұрып өлең оқыды. Төтенше жағдайлар департаментінде алғаш рет “Отан және органдардағы қызмет” байқауы өтті. Жастар жылына орайластырылған конкурсқа жас мамандар қатысты. Олар белгілі ақындардың туындыларын жатқа айтты.

Қызыл жалынмен күресетін қатардағы өрт сөндірушілер мен офицерлер осылайша еліне деген сүйіспеншіліктерін жеткізіп жатыр. Мәнерлеп оқу байқауына 7 маман қатысуда.

Кіші сержант Жанболат Серікбай туындыны таңдауға ерекше көңіл бөлген. Ақын Күләш Ахметованың “Сен – қазақсың” өлеңіндегі жолдар оның жүрегіне әсер етпей қоймапты.

Жанболат Серікбай – Петропавл қалалық №2 мамандандырылған ӨСБ өрт сөндірушісі:

– Бұл жарысқа көп дайындалған жоқпын, бір жұма ғана. Бұл өлеңнің ұйқасы ұнады, патриоттық сезімді оятады.

Сөздерін ұмытып қалды, жаңылысты, шатасты. Жас мамандар қобалжуда, бұл түсінікті. Тыныш қана қызметін өтеп жүрген олар үшін жұрт алдына шығып, өнер көрсету оңай іс емес. Қанша дегенмен, қазылардың қойып отырған талабы жоғары.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Патриоттық мәндегі өлеңдерді таңдай білуі, екіншіден, ол өлеңдерді тиісті деңгейде мәнерлеп оқуы және де өзінің Отанға, атқарып жатқан қызметіне деген сүйіспеншілігін шын көңілден, сезіммен білдіре алуына мән беретін боламыз.

Мұқағали жырын сезіммен айтып берген азаматтық қорғаныс офицері Бағлан Ұзақовтың өнері бәрін тебірентті. Ол бүгін – жеңімпаз. Жүлдегерлер де анықталды, марапатталды. Ал өзгелеріне келесі оқуларға дайындықты бастай беруге болады. Өйткені, мұндай байқау өңірлік ТЖД-да енді дәстүрге айналмақ.

 

 

Саят Ермек