Құқық қорғау органдары

Өңірдегі криминогендік жағдай

Облыс аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтар саны жалпылай алғанда төмендеген. Бірақ, жекелей келгенде өсім байқалады. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар арасында жасалатын заңбұзушылықтар 6,9 пайызға артқан. Және мал ұрлау мен қоғамдық орындарда тонау фактілері көбейген.

Құзырлы орган өкілдері облыс аумағында жарты жыл ішінде орын алған заңбұзушылықтарды саралай келе, қылмыстар саны көп тіркелген аумақтарды анықтаған. Оның көш басында Петропавл қаласы мен Тимирязев ауданы тұр. Олардың әрқайсысында жыл басынан бері 150-ге жуық құқықбұзушылық орын алыпты. Мамандар профилактикалық шараларға ден қойғанымен, қылмыстардың жиілеуі байқалып отыр.

Нұрлан Нұрсейітов: Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасының бастығы:

– Қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтардың саны – 1,5 пайызға, тонау – 0,9 пайызға артқан. Тағы, телефон және мал ұрлау фактілері көбейді. Соңғы аталған екі жайт көбінесе Ақжар, Ғ.Мүсірепов және Қызылжар аудандарында өсіп отыр. Сонымен қатар, нәзікжандыларға қатысты жасалған заңбұзушылықтар да 0,9 пайызға артқан.

Өткен жылмен салыстырғанда әкімшілік құқықбұзушылықтар – 1,1 пайызға, жол-көлік оқиғалары 5 пайызға көбейген.

Кәмелеттік жасқа толмағандарға да қатысты зорлық-зомбылық фактілері тыйылмай тұр. Мұндай қылмысқа барған 11 адам тіркеуге қойылған.

Мамандар мұндай әрекет жасаған жандар туралы мәліметті геоақпаратттық картадан біле алатындықтарын айтты. Яғни, жоғарыда аталған факті бойынша бұрын сотты болған тұлғаның қай маңда тұратындығын біле алады. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.

Махаббат Кәрібайқызы: Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасы бастығының орынбасары:

– Геоақпараттық карта көпшілікке қолжетімді. Онда адамның аты-жөні, жасы мен фотосуреті көрсетіледі. Осы мәліметтің көмегімен тұрғындар қылмысқа барған адамдардың қайда тұратындығын, түр-сипатын біліп жүреді эәне мұқият болады.

Геоақпараттық карта өткен жылдың ақпанынан бері жұмыс істеп отыр. Оған комитеттің сайты арқылы кіруге болады.

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы