Аптадағы маңызды жаңалықтар

Теріскейліктер Арыстағы жөндеу жұмыстарын аяқтады

Апат орын алған Арыс белсенді түрде қалыпқа келтірілуде! Солтүстікқазақстандықтар алғашқылардың бірі болып өздеріне жүктелген міндетті орындады. Олар шаһардағы 200-ге жуық баспанаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Атқарылған шаруамен өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов арнайы барып танысты, тұрғындармен тілдесті.

– Маусым қазақстандықтардың есінді ұзақ сақталары анық. Жаздың алғашқы айының 24-і күні Арыс қаласында жарылыс болғаны баршаға мәлім. Бұл оқиға көпшіліктің көңіліне қаяу салды. Бірақ, қиын-қыстау сәтте отандастарымыз жұдырықтай жұмылып, апаттан зардап шеккен ағайынға көмектесуге кірісті.

Шынымен де күллі Қазақстан асарлатты. Арысқа жер-жерден гуманитарлық көмек жіберілді. Мәселен, бір ғана СҚО-дан 100 тоннадан аса қажетті дүние жеткізілді. Құрылысшыларымыз да белсенді. Олар дереу Түркістан облысына аттанып, шаһардағы 13-ші секторды қалыпқа келтіруге кірісті. Мұнда 371 үй бар. Оның 198 жарылыстан зардап шегіпті. Міне, содан бері 1 жарым айдан аса уақыт өте шықты. Зақымдалған нысандардың барлығын жерлестеріміз жөндеді. Маңызды істі алғашқылардың бірі болып аяқтады.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Үйлердің барлығына ағымдағы жөндеу жұмысын жасадық. Яғни, нысандардың шатырларын, терезелерін ауыстырдық. Тағы, баспаналардың қасбетін, төбесін және жарылған қабырғаларды қалыпқа келтірдік. Іске республикалық, жергілікті бюджет пен қайырымдылық қорлардан тартылған 300 млн теңгеден аса қаржы жұмсалды. Дегенмен әлі де атқаратын шаруа бар. 20-ға жуық мекен жайдан қосымша сұрақтар түсті. Соларды тындырып, теріскейге қайтамыз.

Теріскейліктер қосымша жұмыстарды 1 аптаның ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Ал өткен аптада Арыс қаласына өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов арнайы барды. Онда облыс әкімі жөндеу жұмыстарымен танысты, жергілікті тұрғындармен тілдесті. Арыстықтар қиын сәтте демеу болып, үйлерді жөндеп берген солтүстікқазақстандықтарға алғыстарын айтып жатыр.

– Мың да бір рахмет! Осы жерде 3-4 қария тұрады. Солардың да атынан мың рахмет!

Айта кетейік, Арыс қаласын қалыпқа келтіруге еліміздің барлық өңірі жұмылдырылған болатын. Солардың ішінде Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды және Түркістан облыстары өздеріне жүктелген міндетті толық орындапты.

Култанов Байболат