Полицейлер түнде рейд ұйымдастырды

Құқық қорғау органдары

21:12 20 Тамыз 2019

Қаладағы көңіл көтеру орындарының иелеріне маңызды жаңалық! Түнгі 23:00-ден таңғы 6-ға дейін тұрғындардың тыныштығы бұзылмауы қажет. Яғни, бұл уақыт аралығында мекемелерде музыка қатты ойнамауы тиіс. Олай болмаған жағдайда полицейлер айыппұл салады.

Көңіл көтеретін мекемелер, компьютерлік клубтар және аулалар! Арнайы рейд барысында осы жерлер полицейлердің жіті бақылауына алынды. Мамандар 3 топқа бөлініп, тексеріс жұмыстарын жүргізді. Бұл – қаладағы барлардың бірі. Нысаннан музыка өте қатты шығып тұрған.

Оқиға орнында мекеме иесі болмады, соғылған қоңырауларға да жауап бермеді. Бірақ, полицейлер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 437-ші бабы, яғни түнгі 23:00-ден таңғы 6-ға дейін тыныштық бұзылу фактісі бойынша материал жинады. Енді, ережені елемеген кәсіпкерге 10 және 15 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Ерік Мамбетов – Петропав қалалық ПБ учаскелік инспекторы:

– Орын алған жағдайға байланысты нысанның әкімгеріне хабарлама қалдырдық. Аталған құжат бойынша мекеме иесі 2019-шы жылдың 20-шы тамызында полиция басқармасына келуі тиіс. Сол жерде әкімшілік хаттама толтыратын боламыз.

Бұл полицейлер бас сұққан жалғыз нысан емес. Мамандар бір түнде тағы 8 бірдей көңіл көтеру орнына барып, әкімшілікпен әңгіме жүргізді. Тағы, Жұмысшы, Заречный кенттері мен Конституция көшесі бойындағы жастар көп жиналатын жерлер тексерілді. Нәтижесінде заңды тұлғалардың қарауынсыз жүрген 7 жеткіншек анықталды. 2 жасөспірімнің қоғамдық орында ішімдік ішкені белгілі болды.

 

 

Култанов Байболат