Денсаулық сақтау

Петропавлда медицина қызметкерлеріне арналған семинар өтті

Инфаркт пен инсульт. Бұл – өңірде жиі кездесетін аурулардың бірі.

Қазіргі таңда облысымызда екі инсульт орталығы бар. Бірақ, өкінішке қарай, ел бойынша қан айналымы жүйесінің дертіне шалдыққандардың саны теріскей өңірінде көп екен. Облысқа бүгін елордадан мамандар арнайы келіп, жергілікті ақхалаттыларға дәріс оқыды.

Зәуреш Ахметжанова – Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының бас маманы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Өкінішке қарай, осы аруларға жыл сайын 40 мыңнан астам қазақстандық шалдығады.

Бүгінде осындай аурулар жасы алпысты алқымдағандардан бөлек, жас­та­рдың арасында да жиі кездесетін көрінеді. Оған көбіне темекі тарту, ішімдік ішу, қимыл-қозғалыстың аздығы және дұрыс тамақтанбау, артық салмаққа бой алдыру және әр адамның өз денсаулығына көңіл бөлмеуі себеп болып отыр дейді мамандар. Дертке жол бермес үшін салауатты өмір салтын ұстану қажет. Оған қоса, мамандар жыл сайын кардиолог дәрі­герлерге тексеріліп тұру жөнінде кеңес берді.

Михаил Телюк – облыстық кардиологиялық орталығы интенсивті терапия бөлімінің меңгерушісі:

– Облысымызда артериалдық гипертонияның тұрақты өсу үрдісі байқалады. Мәселен, жыл санап осындай дертке шалдыққандардың саны көбеймесе, азаяр емес. Сол себепті, барлықтарына айтарым, осындай аурудың бірінші белгілері пайда болып жатса, жедел түрде дәрігерге жүгініңіз. Себебі, бастапқы кезеңде оны түбегейлі емдеуге мүмкіндік болады.

Статистикаға сүйенсек, өліммен аяқталатын аурулардың ішінде қан айналымы жүйесінің аурулары бірінші орында тұр. Инсульт пен инфарктке жылына әлемде 15 млн адам шалдығады екен. Оның 5 млн-ы осы дерттің салдарынан көз жұмады.

 

 

 

 

Ешкенова Дана