Балалар

“Мектепке жол” республикалық акциясы өтіп жатыр

Кеңсе тауарлары мен мектеп формасы. Өңірде “Мектепке жол” акциясы өткізіліп жатыр. Қайырымдылық шара аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 60-қа жуық жеткіншек сабаққа қажетті дүниелермен қамтылды.

Гүлзира Мусина мешітке жиенін ертіп келді. Қызының қызы осыдан бірнеше жыл бұрын әкесіз қалғандықтан, қазір әжесімен бірге тұрады. Ал оның анасы күндіз-түні жұмыс істейді. Дегенмен, тапқан қаражаты үйдің шығындарынан артылмайтындықтан, баласын мектепке толығымен даярлай алмапты. Осы ретте “Мектепке жол” шарасы қолдау болып отыр.

Гүлзира Мусина:

– Барлықтарыңызға рақмет. Жақсылықтарыңыз бізге көмек болып жатыр. Қызым жалғыз болғандықтан, берілген құралдардың барлығы – үлкен көмек.

Қағаз, қалам, сөмке және мектеп формасы. Мұнда сабаққа қажетті дүниелердің барлығы бар деуге болады. Бұл заттардың басым бөлігін сатып алуға өңіріміздің кәсіпкер азаматтары қолғабыс етіпті. Дін өкілдерінің сөзінше, жерлестеріміздің басым бөлігі жабырқаған жандарға жақсылық жасауды өз парызындай көреді екен. Осындай, теріскейліктердің арқасында бүгінгі игі шарада 60-қа жуық жеткіншек білім ошағына керек-жарағын түгендеді.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

– Қызылжар өңіріндегі барлық мешіттерде қайырымдылық акция өткізіп жатыр. Биыл 1 млнға жуық қаржы жиналды. Мешіттің жамағаты және саудамен айналысатын жандар аяқ киім немесе мектеп формасы сынды заттарды алып келуде.

«Мектепке жол» акциясы қыркүйек айына дейін жалғасады.

 

Маржан Касымбек