МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы

Өңірлік әдеп жөніндегі кеңес  мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығына наразы. Шенеуніктердің кейбірі ішімдікке тойып алып, рөлге отырады, арасынан  жасалмаған жұмысты жасалды деп, құжатқа көз жұма қол қойғандары да анықталды. Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында 5 бірдей тәртіптік іс қаралды.

Суды көрмей тұрып етігіңді шешпе дейді ғой. Бұл қос шалақындық шенеунік жұмыстарында асығыстық жасаған. Аютас пен Юбилейный ауылдық округтерінің әкімдері өткен қыста қар тазалайтын компанияға ақшасын алдына ала беріп қойыпты. Ал мердігер міндетін орындамай кеткен.

Жанна Атымтаева – Шал ақын ауданы прокурорының көмекшісі:

– Компания бірнеше ауылдың жолдарын ақ ұлпадан тазартуы керек болған, бірақ жұмыстарды мүлде атқармапты. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңға сай, әкім шаруаны қабылдамай тұрып, қаражат төлей алмайды. Атқамінерлер мұны біле тұра, заңсыз әрекетке барған.

Осылайша, Аютас әкімі – 180, ал Юбилейный әкімі 400 мың теңгеден қағылған. Қаржыны олар қазынаға өз қалтасынан қайтарды. Бірақ, бюджет ақшасын мерзімінен бұрын төлеу деген қайдан шыққан бәлекет? Атқамінерлер қаражатты жыл аяғына дейін игере алмаймыз деп қорыққан көрінеді. Сондықтан, компаниямен асығыс-үсігіс ауызша келісе салған.

Руслан Кәрімов – Аютас ауылдық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:

– Жаңа жылдан кейін кәсіпкерлік басшысы менің қоңырауларыма жауап бермей қойды. Тіпті, мекен жайын өзгертіп жіберген.

Серік Балахметов – Юбилейный ауылдық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:

– Олар жыл аяғына дейін тазалауды жүргіземіз деп уәде берді. Мен де сеніп қалдым, сондықтан ақшаны желтоқсанның 24-і аудардым, актіге қол қойдым.

Мемлекеттік қызметте мұндай жауапсыздыққа жол жоқ. Бірақ, жауапсыз әкімдер бұл жолы оңай тәртіптік жазамен құтылып кетті. Олар қызметтеріне толық сай емес деп танылды.
Ал бұл – Саят Омаров, Ғ.Мүсірепов аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы. Мамырда ол қызметтен тыс уақытта тентек судан ұрттап қойыпты. Ол ол ма, мас күйінде рөлге отырған.

Мұрагер Рүстем – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы:

– Омаровтың ісі аудандық сотта қаралды. Ол әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Енді 3 жыл бойы көлік басқара алмайды.

Заң бойынша шенді жазасын алуын алды ғой. Ал “мемлекеттік қызметші” деген атаққа кір келтіргені үшін оған не болмақ? Отырысқа Омаров келмеді. Ал әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бұл олқылықты кешіруге болмайды деп санады. Сондықтан, бөлім басшысын қызметтен қууды ұсынды.
Тағы бір резонансты істің фигуранты – Балғабек Жетпісов. Білдей бір өңірлік департамент басшысы бір жылдай гаражда сынып тұрған қызметтік көлігіне бензин алып келген. Оны кейін жеке темір тұлпарына құйып отырыпты.

Балғабек Жетпісов – индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Қызметтік көлікті жөндеуге ақша болмады. Біз бұған бөлек қаржы бөлмейміз ғой. Сондықтан, шаруаны тындыру үшін өз машинаммен қатынауға тура келді.

Бұл астыртын әрекеті енді шенеунікті лауазымынан айыруы әбден мүмкін. Кеңес оны да жұмыстан шығару керек деп санайды. Жалпы, отырыста 5 тәртіптік іс қаралды. Мұндай жаппай жауапсыздыққа кеңес мүшелері қатты наразы. Ал теріскейлік жемқорлыққа қарсы департамент жетекшісі Ернар Баянғазин болса, тіпті, тәртіп бұзған шенділерге қолданатын жазаны қатайту керек деп есептейді.

 

Саят Ермек