Бизнес және экономика

Шаһарда аукцион арқылы жер учаскелері сатылды

350 мыңнан басталып 3 млн теңгеден асты. Бүгін өңірлік Кәсіпкерлер палатасында аукцион арқылы жер учаскелері сатылды. Жарыс саудаға қалада бос тұрған 12 жер телімі шығарылды.

Аукционға Жамбыл Жабаев көшесінде бос тұрған жер телімі шығарылды. Аумағы – 2 мың шаршы метр. Бастапқы құны – 350 мың теңге. Оны иеленуге қос кәсіпкер ниет білдірді. Екеуі бағаларды алма-кезек ұсынып, бір-біріне дес берер емес. Ақыры мүлік 3 млн 600 мың теңгеге 7-ші нөмірлі іскер азаматқа сатылды. Аукционды ұйымдастырушылардың айтуынша құрылыстың өркендеуіне байланысты жер телімдеріне деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді.

Жеңіс Қазиев – СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Осындай жарыс сауда соңғы рет сәуір айында өткізілген болатын. Оған қатысуға ниет білдіргендердің саны аз болған жоқ. Мәселен, сол кезде Мамандандырылған ХҚКО маңында орналасқан жер ұсынылды. Бастапқы құны 3 мың теңгені құраған аумақ 600 мың теңгеге сатылды. Бүгінгі аукционда да кәсіпкерлер белсенділік танытып жатыр.

Көктемде өткен аукционда жалпы аумағы 2 гектардан асатын 14 жер телімі ұсынылған болатын. Олардың сатылғандағы жиынтық құны 8,5 млн теңгені құраған. Ал бүгін қатысушылар 12 лот бойынша таңдау жасай алады.
Олег Бендер 3-ші Сенная көшесінен 4 мың шаршы метр болатын жер телімін сатып алды. Оның бастапқы құны 677 мың теңгені құрады. Кәсіпкерге ол дәл осындай бағамен бұйырды. Себебі, өзгелері бұл лотқа қызығушылық білдірген жоқ. Олег Бендер осы аумақта ауыр автокөлік өлшейтін орын ашуды көздеп отыр.

Олег Бендер – кәсіпкер:

– Мен металл сатып алумен айналысамын. Өзімінің кәсібімді кеңейту үшін маған жер учаскесі жетіспей жатыр. Сол себепті, бүгін осында келіп, өзіме ыңғайлы жерді таңдап алдым. Жалпы, аукционға алғаш рет қатысып отырмын. Менің ойымша, осындай шаралар кәсіпкерлеге өте тиімді.

Аукцион ұйымдастырудағы мақсат – қазынаны толтыру ғана емес, жер телімдерін беруде барынша ашықтықты қамтамасыз ету. Аукцион бастапқы бағасының өсуіне қарай, яғни ағылшындық әдіс бойынша өтті.

Қайрат Елеусізов – Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

– Бүгінгі аукционда Жамбыл Жабаев көшесі, Береке ауданы, тіпті Солнечный ықшам ауданында орналасқан жер учаскелері саудалануда. Осы жер телімдерін аукцион арқылы уақытша 5 жылға жалға береміз. Кәсіпкерлер уақыт өткеннен кейін оны сатып алу құқығына ие бола алады.

Сонымен, бүгінгі аукционда 6 мүлік сатылды. Олардың жалпы құны шамамен 8 млн теңгені құрады.

 

 

Ешкенова Дана