Балалар

Кішкентай арулар арасында сұлулық сайысы өтті

Ханшайымдар сайысы. Петропавлда кішкентай арулардың арасында сұлулық байқауы өтті. Мұндай шара шаһарда алғаш рет ұйымдастырылған екен.

Көздің жауын алатын түрлі түсті көйлек, әсем шаш үлгісі. Бұл жерде ақылдарына көркі сай кішкентай сұлулар жиналған. Барлығы да жеңіске үміткер. Әрқайсысы осы сайыс үшін 1 ай көлемінде дайындалған екен.

Сұлулық сайысына 3 жас категориясында 42 бала қатысуда. Олардың бірінші толқыны 3 пен 6 жас аралығында. Кейінгісі 7 мен 10 жастағылар болса, соңғы топ – 11 мен 14 жас аралығындағы жеткіншектер.

Диляра Мендеева – байқауды ұйымдастырушы:

– Аталмыш сайыс шаһарда алғаш ұйымдастырылып отыр. Сайыс 3 кезеңнен тұрады. Біріншісі “Таныстыру” деп аталады, келесісі – “Үй жұмысы”, яғни шығармашылық нөмір болса, соңында қыздар сән үлгілерін көрсетеді.

Сұлулық сайысына қатысып, өзін ханшайымдай сезіну әр қыз баланың арманы деуге болады. Осы арманға жету үшін, әрине ата-ананың көмегі мен қолдауы ауадай қажет. Олардың да еңбегіне бас имей қоймайсың. Себебі, баласының әр қадамына қобалжып, әрдайым демеу беретін – осы жандар.

Малика Ескендірова: байқауға қатысушының анасы:

– Біздің Петропавлға көшіп келгенімізге көп болған жоқ. Осы сайыстың арқасында қызым да, өзім де біраз адаммен танысып, жаңа достар таптық. Әрине, ең бастысы қызыма ұнады. Түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, өзіне қажетті көп мағлұмат алды.

Венера Матушкевич бүгінгі сайысқа әжесімен келген. Жеткіншек бойымда қобалжу жоқ дейді. Себебі, бұған дейін түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінген екен. Ал бүгінгі сұлулар байқауына 3 апта көлемінде дайындалыпты.

Венера Матушкевич – байқауға қатысушы:

 – Сұлулық сайысы туралы естігенде бірден әжеме айттым. Ол басында қарсы болды, бірақ кейін менің көңілімді қалдырмай, қатысуыма өз рұқсатын берді. Әрине, өте қуаныштымын. Дайындық барысы қызықты сәттерге толы болды. Үй жұмысы ретінде Лариса Рубальскаяның “Пойду, схожу за счастьем на базар” атты өлеңін дайындап келдім.

Байқауға қатысушы қыздар үйлеріне құр қол қайтпайды. Оларға әр номинация бойынша сыйлықтар әзірленген.

 

Актолкын Солтанханкызы