Экология

“Бірге-Таза Қазақстан” акциясы жалғасуда

“Бірге-Таза Қазақстан”. Өңірде осындай атаумен акция жүріп жатыр. Шара барысында мемлекеттік қызметшілер мен еріктілер табиғат аясына шығып, шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Сенбі күні табиғат жанашырлары 6 тонна қоқыс жинады.

Мемлекеттік қызметшілердің бір тобы қолдарына қап алып жағалауды жинастырып жүр. Айнала қоқысқа толы. Оны тазартып, жинастыратын азаматтар көп болса, бұл әрине қоршаған орта үшін пайдалы, ал адамның өзіне сауапты іс болар еді. Дегенмен, теріскейліктер әлі күнге дейін оның маңыздылығын түсіне бермейді. Себебі, тұрғындардың басым бөлігі өзен бойындағы көңілді отырыстан кейін қалған қалдықтарды жинамай, айналаны ластап жатады. Ал қоқыстың өзі бара-бара өзен жағасында жайлы демалуға кедергі келтіреді.
Григорий Петрушевский – табиғатқа жанашырлықпен қарайтын жандардың бірі. Бүгін ол да белсенді азаматтардың қатарынан табылып, тіпті су бетінде қалқып жүрген қоқысты қайыққа мініп тазалауда.

Григорий Петрушевский, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

– Осындай тазалық жұмыстары жыл сайын өткізіліп тұрады. Біз қайықпен жүзе отырып, қоқыс жинаймыз. Балықшылармен де жүздесіп, оларға тазалықты сақтау қажеттігін естеріне саламыз. Кейін қоқыс толы қаптарды жүк көлігіне тиейміз.

Ербол Джакиев экологиялық акцияларды қалыс қалдырмауға тырысады. Егер баршасы жауаптылық танытатын болса, айнала үнемі таза болар еді дейді табиғат жанашыры.

Ербол Джакиев: СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің жетекші маманы:

 – Қалада Есілдің бойын жинастырдық. Пестроеда болдық. Қай жерде қалдықтар бар – сол маңға барып жүрміз. Айналада қоқыс көп. Тұрғындар келеді, демалады, жинастырмай кетеді. Егер де теріскейліктер соңдарынан тазалап, өздерімен қап әкеліп жинап жүрсе, жақсы болар еді.

Жалпы, шараға 80-нен астам адам қатысты. Ұйымдастырушылар, игі іске келесі жолы еріктілерді көптеп тартуды көздеп отыр.

Айта кету керек, дәл осы уақытта экологиялық акцияны шалакындықтар да қостап, Сергеев су қоймасының маңын тазартуға шыққан. Оған 30-ға жуық адам қатысыпты. Жалпы, шараның қорытындысына тоқталатын болсақ, акция аясында аталған аумақтардан 6 тонна қалдық жиналған екен.

 

Актолкын Солтанханкызы