Спорт

1-ші лиганың 17-ші турында “Qyzyljar” “Ақтөбе-Жас”-ты ойсыратты

1-ші лиганың 17-ші турында “Qyzyljar” футбол клубы өз алаңында “Ақтөбе-Жас”-ты қабылдады. Ойында петропавлдық құрама 6 бірдей гол соқты, ал өзіне бірде-бір допты өткізбеді. Осылайша, қарсыласын ойсырата жеңе білді. Қарасайдағы матчты тамашалауға 2 жарым мыңнан астам адам жиылды.

Басталмай тұрып, бұл матчты жанкүйерлер қалжыңдап, Аргентина мен Ямайка арасындағы кездесуге балады. Өйткені, турнирлік кестенің соңында тұрған “Ақтөбе-Жас”-ты “Qyzyljar” ірі есеппен жеңуі тиіс болды. Шынымен де, батыстық құрама петропавлдық футболшыларға тіптен қарсылас бола алмады. 90 минут бойы ойын қонақ қақпа тұсында өтті деу артық айтпағандық. 19-шы минутта “Qyzyljar”-лық легионер Момоду Сисейдің стандартты соққысы ойын есебін ашты.

Ал 20 минуттан соң есеп еселей түсті. Сисейдің берген дәл пасын сәтті пайдаланған Павел Кривенцев допты баспен қарсылас қақпаға топ ете түсірді.

Екінші 45 минуттықта басымдығын түсіне білген “Qyzyljar” прессингті күшейте түсті. Ал ақтөбеліктердің қорғанысы алаң иелерінің шабуылдарына тіпті тосқауыл бола алмады. 46-шы минутта – кезекті гол. Оның авторы – Максим Драченко небәрі 6 минуттан соң дубль жасады. Ал араға 2 минут салып Павел Кривенцев те екінші рет ерекшеленеді.

Қысқасы, небәрі 54 минуттың ішінде “Qyzyljar” 5:0 есебімен алға шығып, “Аргентина-Ямайка” мачтындағы сияқты, есепті қайталады. Қайталап қоймай, асып та түсті. Өйткені, 6-шы гол көп күттірмеді. Оны екінші таймда алаңға шыққан Артем Черединов 56-шы минутта соқты. Матч 6:0 есебімен аяқталды. Осылай жалғаса беретін болса, “Qyzyljar”-дың Премьер лигаға қайта оралатын мүмкіндігі бар. Бірақ, болжам жасауға әлі ерте дейді бас бапкер.

Али Алиев – “Qyzyljar” футбол клубының бас бапкері:

– Соңғы турға дейін жағдай өзгеруі мүмкін. Алда әлі 10 ойын бар. Бізге көбірек гол соғу керек. Өйткені, бұл көрсеткіш бойынша “Алтай” мен “Каспий” құрамаларынан қалып келеміз.

 

Саят Ермек – тілші:

– Басты бәсекелестердің бірі, оралық “Ақжайық”-пен тең түскен “Qyzyljar” лига аутсайдері “Ақтөбе-Жас”-ты үйде осылайша ойсырата білді. Сенімді жеңістің арқасында петропавлдық құрама 35 ұпаймен турнирлік кестеде алғашқы үштіктегі орнын нық сақтап тұр. Ендігі қарсылас – талықорғандық “Жетісу Б”. Матч тамыздың 24-і Қарасай стадионында өтпек.

 

 

 

Саят Ермек