Құқық қорғау органдары

«Жолда қабылдау» акциясы өтуде

Өңірімізде тамыз айының 16-сынан бастап «Жолда қабылдау» республикалық акциясы өтуде. Шараның бірінші күні құзырлы орган өкілдеріне тұрғындар тарапынан 200-ге жуық сұрақ келіп түсіпті. Сауалдардың басым көпшілігі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсету және көші-қон заңнамасына қатысты болған.

Қала тұрғыны Юлия Ацинаның туыстары кезінде Петропавлда тұрып, кейін Ресейге көшіп кеткен екен. Уақыт өте келе зейнетке шығарда құжаттарды жиыстыру барысында оның аға-жеңгесіне балаларының осында оқығаны жайлы анықтама талап етіліпті. Бірақ, ол мектеп жабылып қалған екен. Сол себепті, құжаттарды ресімдеуде біраз қиындықтар туған. Юлия Ацина “Жолда қабылдау” шарасы өтетінін естіп, бұйымтайымен полиция қызметкерлеріне жүгінді.

Юлия Ацина – қала тұрғыны:

 – Осыдан бұрын біраз органға жүгініп, мәселе бойынша нақты жауап ала алмаған едім. Бүгін мұнда мамандарға жолығып, шешім туралы естідім. Енді құжат мәселесінің түйіні толығымен тарқатылады деп ойлаймын.

Акцияға көші-қон қызметінің қызметкерлерінен өзге әкімшілік полиция бөлімшелері, жергілікті полиция қызметі, сондай-ақ тіркеу-емтихан бөлімінің инспекторлары қатысты. “Жолда қабылдау” бекеттері тек қала орталығында ғана емес, Петропавлдың барлық шағын аудандарында да ашылған. Пункттер тізімі алдын ала газет беттерінде және әлеуметтік желілерде хабарландыру түрінде жарияланды.

Думан Таев – СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:

– Қала бойынша 49 аулада азаматтарды жедел қабылдау жүргізіліп жатыр. Мұндай маңызды іс-шара аудандық бөлімшелерде де қолға алынды. Мақсат – тұрғындардың мәселелерін тыңдап, оларды шешу жолдарын түсіндіру. Бізге келіп жолыққан жандар негізінен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы, көші-қон заңнамасы, айыппұлдарды төлеу, сондай-ақ қаруды тіркеу бойынша қойған сұрақтарына жауап алды.

“Жолда қабылдау” шарасының мөлдір өтуін қамтамасыз ету үшін полиция департаментінің Facebook және Instagram аккаунттары мен жеке сайтында тікелей көрсетілім ұйымдастырылды. Акция сенбінің кешіне дейін жалғасады.

Бердимурат Баймухан