Қоғам

Петропавлдықтар Конституция күніне әзірленіп жатыр

Тамыздың 30-ы – Қазақстан Конституциясы күні. Мерекеге орай облыс орталығында “Салт-дәстүр” атты фестиваль өткізілмекші. Шара аясында  өңірімізде тұратын түрлі этнос өкілдері өздерінің ұлттық мәдениетін паш етеді. Сондай-ақ, бұл күні жұртшылыққа тамаша концерт ұсынылады.

Биыл Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 28 жыл толады. Бұл аса көп уақыт болмаса да жеткен жетістіктеріміз аз емес. Солардың бірі, ол – Конституциямыз. Міне, екі аптадан кейін ел тұрғындары Ата заң күнін атап өтуді жоспарлап отыр. Осыған орай теріскейліктер жиын өткізіп, концерттік бағдарламаларымен бөлісті.

Мың бұралған бишілер, күміс көмей әншілер мен мықты спортшылар. Қала орталығындағы Қазақстан Конституциясы көшесінде тұрғындар таңғы 10-нан бастап кешке дейін мейрамды тойлайды.

Мұратбек Зейнуллин – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Этомәдени фестиваль 3 кезеңнен тұрады. 1-кезең бойынша тұрғындар өз үйлерінің кішірейтіп істеген үлгісін жасайды. Оның ішінде жиһаздары, ұлттық тағамдары болады. Әр ұлт өзінің ерекшелігін көрсете білуі керек.

Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тіршілік етіп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 50-ге жуық этнос өкілдері өмір сүреді екен. Осы ретте Ассамблеяның халықтың бірлігін одан әрі нығатйып, берекесін сақтауда атқарып жатқан еңбегі зор.

Мұратбек Зейнуллин – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Облыстық ассамблеяда 26 этномәдени орталық жұмыс істеп жатыр. Ассамблеяның құрамында өз құрылымдары бар. Олар: қоғамдық келісім кеңесі, ақсақалдар кеңесі, іскер азаматтар ассоциациясы. Барлығы өз бағытында жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, келесі жылы ассамблеяның құрылғанына 25 жыл толады. Осыған орай жер-жерде түрлі шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

 

 

Маржан Касымбек