МТРА жаңалықтары

Үйдің сүрілуіне келіспеген тұрғындар

Жас өркен шағын ауданында салынып жатқан оқу ошағы уақытында тапсырылмауы мүмкін.

Бұл – Алтынсарин көшесінде соңғы қалған жер үй. Баспана иелері нысанның сүрілуіне әуелде келісімдерін беріп алып, қазір қарсылықтарын білдіруде. Үй 2 қабатты. Үстінде баспана болса, асты гараж екен. Ромахиндер жанұясы әр қабат үшін бірнеше пәтерден талап етіп отырған көрінеді. Әкімдік өкілдері бұл талапты негізсіз көріп, екі 3 бөлмелі баспана ұсыныпты.

Басында келіскен үй иелері қазір өз шешімдерінен бас тартып, пәтер санын көбейту үшін сотқа қайта жүгініпті. Бірақ, бұған дейін рәсімделген құжат бойынша нысан қалалық әкімдіктің меншігіне тиесілі. Бірақ, жанұя мүшелері айтқандарынан қайтпай, 2 пәтердің орнына 4-уін сұрап отыр. Қайта сот шешімі шыққанша шаңырақтан шықпаймыз дейді.

Асқар Хабибуллин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Бұл үйдің құны әуелде 16 млн 800 мың теңгеге бағаланды. Екі жақ келіскеннен кейін құжаттарға қол қойылды. Барлығы заңды түрде өтті. Кейін, Ромахиндер отбасысы үйдің екі қабаты да саналсын деп сотқа жүгінді. Бірақ, сот іс материалдарын қарап, талап-арыздан бас тарту туралы шешім қабылдады. Сонымен, әкімдік оларға екі пәтер сатып алып беріп отыр. Оның екеуі де үш бөлмелі. Жалпы құны 26 млн теңгені құрады. Бірақ, бұл үйдің иелері бұған да келіспей отыр. Сол себепті, олардың әкімдік талаптарына келіспейтініне байланысты сотқа беру туралы шешім қабылданды.

Ешкенова Дана