МТРА жаңалықтары

Жемқорлықты болдырмау – парыз

Сыбайлас жемқорлықты жаппай қабылдамау – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі. Дәл осындай тақырып төңірегінде Қазақстан халқы ассамблеясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство өкілдері арасында кездесу өтті.

Бармақ басты, көз қыстылыққа жол бермеу керек. Жиынға қатысушылардың әрқайсысы осылай деді. Ол үшін не істейміз? Түрлі амал-тәсілдер бар, әрине. Бірақ, жанұядағы тәрбиенің мән-маңызы ерекше. Себебі, балалар ересектердің қоғамға қайшы келетін іс-әрекеттерін байқап, сөздерін құлаққа сіңіріп өседі, кейін соны болашақта қайталауы әбден мүмкін. Сондықтан, ата-аналар ұл-қыздарға жастайынан үлгі көрсетуі тиіс. Мұны дөңгелек үстелге қатысушы жастар жағы жақсы білеміз деп отыр.

Шахнияр Аллахярова – әзірбайжан этномәдени орталығының мүшесі:

– Біз парақорлыққа қарсымыз. Елбасымыз айтқандай биыл – Жастар жылы. Сол себепті, біз қоғамдық өмірге белсене қатысуымыз керек. Әсіресе, сыбайлас жемқорлықпен күресіп, жаман әдеттен түбегейлі арылуға өз үлесімізді қосуымыз қажет.

Жалынды жастар жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоюға әзір. Дегенмен, әлі де іске қарқын қосқан жөн. Бұл ретте мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың маңызы зор. Олар да сыбайлас жемқорлықтың зиянын одан әрі насихаттаса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Құзырлы органдар да қалыс қалып жатқан жоқ. Қазір тиісті ведомстволар халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп тұратыны баршаға аян.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Қазіргі таңда әлем назарын өзіне аударған өзекті мәселелердің бірі – ол жемқорлық. Осы орайда, біздер түрлі шаралар ұйымдастырып, парақорлықтан бас тартуды насихаттаудамыз.

Айта кету керек, бүгінде еліміз сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша әлемдік рейтингіде 132-ші орында тұр. Ал Қазақстанда бармақ басты, көз қыстылық оқиғалары қай өңірде жиі орын алады? Мамандардың мәліметінше Нұр-Сұлтан қаласы көш басында орналасқан. Теріскей өңірі бірнеше жылдан бері тізімнің төменгі тұсына орныққан екен.

Ешкенова Дана