Қоғам

Үздік әлеуметтік жобалар анықталды

Үздік әлеуметтік жобалар анықталды. Түрлі бастаманы қолға алып, тың идея ұсынған 17 үміткердің ішінен 5 бірдей жоба авторы жеңімпаз атанды. Олардың бірі қоқыс жәшігіне тіл бітірсе, енді бірі мүгедектерге арнап автомектеп ашқан. Облыстық байқауда жеңген жастар алдағы уақытта республикалық сайысқа қатыспақ.

Алғыс айтатын қоқыс жәшігі туралы естіпе пе едіңіз? Ондай дүние, сәтін салса, келешекте Петропавлда пайда болуы мүмкін. Жоба авторы – Антон Шишканов. Өнертапқыш осылайша тұрғындардың назарын экология мәселесіне аудартқысы келеді.

Антон Шишканов, әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпазы:

– Адамдардың көпшілігі тұрмыстық қалдықты арнайы орынға апарып салуға жалығады. Содан қоршаған орта зардап шегіп жатады. Тазалықты сақтап, жауапкершілік танытатын кез жетті. Мен ойластырған “сөйлейтін жәшік” қоқыс жәшікке дұрыс салынған уақытта алғыс айтады. Қазір осы жобама қаржылай қолдау көрсететін кәсіпкер іздестірудемін.

Тағы үздік жобалардың бірі ретінде “Солнечный дом” қоғамдық қорын құрған Анастасия Швецтің еңбегі атап өтілді. Ал Дәурен Бектасов балалардың спортқа деген ынтасын арттыру мақсатында “Футбол барлығы үшін” деген бастаманы ұсынып отыр.

Жеңімпаздар қатарында Сәлімхан Сәбитов те бар. Ол былтыр “Равная дорога” деп аталатын автомектеп ашқан болатын. Бұл бағытта бірталай тынымсыз жұмыс атқарылып, бүгінде нәтижесі бар. Аталған мектептің арқасында әзірге 2 мүгедек жан жүргізуші куәлігіне ие болды.

Сәлімхан Сәбитов: әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпазы:

– Осы облыстық байқау туралы әлеуметтік желілер арқылы білдім. Сондықтан, өзім демалыста болған соң өз күшімді тексеріп, байқауға қатысқым келді. Бір жыл бойы іске асырып жүрген жобамды қорғау үшін 1-2 күн дайындалдым. Енді бүгін өз нәтижемді көрсетіп, жеңімпаз атанып отырмын.

Жалпы, облыстық әлеуметтік жобалар сайысына қатысуға 17 адам өтініш білідіріпті. Бүгінде олардың арасынан тек 5 жұмыс іріктеліп алынған. Авторлар арнайы сертификат пен қаржылай сыйлыққа ие болды.

Виталий Шеминг, облыстық жастар мәслихатының төрағасы:

– Бүгін “ASAR” форумының аясында өткізілген облыстық әлеуметтік жобалар сайысы аяқталды. Негізі, байқау шілденің ортасынан бастап тамыздың 4-іне дейін жалғасты. Қазір үздіктердің есімі белгілі болып, келесі турға жолдама алып отыр.

Енді осы 5 жоба тамыздың 21-і Павлодар қаласында өтетін республикалық байқауға қатыстырылады.

 

 

Актолкын Солтанханкызы