Білім

Магистратураға түсу емтиханы аяқталды

Елімізде магистратураға түсу емтиханы аяқталды. Биыл бұл маңызды сынаққа 360-тан аса солтүстікқазақстандық талапкер қатысқан. Олардың 27-сі 100-ден асыра ұпай жинапты. Ал ең жоғары балл 119-ды құрады.

Биыл магистратураға түсетіндер кешенді тестілеуді жаңа формат бойынша тапсырған болатын. Оның ерекшелігі – емтихан ҰБТ жүйесі бойынша 5 кезеңге бөлінген. Яғни, әр пән бойынша жеке-жеке тест тапсыру.

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Былтыр магистратураға түсу 2 кезеңнен өтетін болса, биыл ҰБТ форматында 1 күнде әр пән бойынша толық тапсырды. Тестілеу мерзіміне 3 сағат 50 минут беріледі.

Сондай-ақ, тестілеу кезінде барлық аудиторияларда камералар жұмыс істеді. Емтиханды онлайн трансляция арқылы білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен «Қызылжар адалдық-алаңы» аймақтық жобалық кеңсесінің өкілдері бақылады. Үміткерлер арасында емтихан кезінде тестілеу ережесін бұзғандар да болыпты.

Ирина Голодова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Үміткерлердің 19-ы түрлі себептермен тестілеуге қатыспады. Тағы, 17-сі емтихан кезінде тестілеу ережесін бұзғаны үшін сынақ залынан шығарылды.

Емтихан нәтижесі бойынша 27 үміткер – 100-ден жоғары, 138-і 75-тен жоғары ұпай жинаған. Олар алдағы уақытта онлайн режимде өтетін гранттар байқауына қатысады. Яғни, 200-ге жуық талапкер. Ал биыл жергілікті университеттің магистратурасына 81 грант бөлінген екен.

 

 

Бердимурат Баймухан