Қоғам

Өңірімізге саяхатшы Андрей Тюлькин келді

Пермь қаласынан Тайландқа дейін. Облысымызға саяхатшы әрі спортшы Андрей Тюлькин келді. Ол елдерді аралап, 2 жылдың ішінде 25 мың шақырым жерді велосипедпен жүріп өтпекші.

Андрей Тюлькин сапарын жалғастырардың алдында қажетті заттарын түгендеп жатыр. Велосипедке артылған жүктің салмағы – 80 келі. Әрине, жүгі жеңіл емес. Жолдың жағдайына байланысты бірдеу баяу, бірде үдете отырып сағатына 9 шақырымды бағындырады екен. Ол Пермь қаласынан осыдан 13 күн бұрын жолға шыққан. Сөйтіп, кеше Петропавлға да жетті. Саяхатшы теріскей өңірін бес саусағындай біледі. Өйткені, бұрындары осында тұрған екен.

Андрей Тюлькин – саяхатшы, Пермь қаласы, РФ:

–  Сүйікті қалам – Петропавлға жеткенше асықтым. Себебі, бұл жердің тұрғындарын ерекше құрметтеймін. Мұнда келген бойда теріскейліктер мені құшақ жая қарсы алды. Оларды көрген кезде өзімнің де қуанышымда шек болған жоқ.

Саяхатшының осылай велосипедпен жолға шыққанына басында жақындары қарсы болған көрінеді. Өйткені, бұл – оның алғашқы сапары. Кейін туыстары түсініспеншілік танытып, қолдау білдірген. Әрі Андрей де жақындарымен телефон арқылы хабарласып тұрады. Тікелей эфирге шығып жанкүйерлерімен де әңгімелеседі.

Андрей Тюлькин – саяхатшы, Пермь қаласы, РФ:

– Армандар орындалады! Мен осылай саяхат жасауды 13 жасымнан бері армандап келемін. Бүгінге дейін тынымсыз дайындалдым. Жолда табиғат бедерінің өзгеруін тамашалаймын. Содан жол қиындығы да аса сезілмейді. Оған қоса әлеуметтік желіде туған-туыс, дос-жаранмен үнемі сөйлесіп отырамын.

Бүгін Андрей Тюлькин сүйікті қаласынан Қырғыстанға бет алады. Одан кейін жерлесіміз ат басын Қытайға бұрады. Айтпақшы, спортшы азамат Аспан асты елінде саяхат жасауды бұрынан мақсат етіп қойыпты. Сондықтан болар, бұл жолы онда біраз уақыт бөгелетін көрінеді. Сосын Лаос, Вьетнам, соңыңда Тайландқа жетуді көздеп отыр.

Андрей Тюлькин – саяхатшы, Пермь қаласы, РФ:

– Бұл – әркімнің қолынан келе бермейді. Бірақ, мен соңына дейін шыдап, дегеніме жеткім келеді. Жаз болғандықтан, ауа райы қабағын шытқан жоқ. Сондықтан, алда бәрі жақсы болатынына сенімдімін.

Саяхатшы Тайландтан кейін еліне оралады. Ол 2 жыл ішінде 25 мың шақырымды еңсермек.

 

 

 

Маржан Касымбек