Құқық қорғау органдары

“102”-ге жыл басынан 9 мыңға жуық қоңырау түскен

9 мыңға жуық қоңырау. Бұл – жедел-басқару орталығына жыл басынан бері түскен арыз-шағымдар саны. Мамандар заң бұзушылық туралы ақпарат жетісімен дереу тиісті шараларды қолдана бастайды.

Бұл – жедел басқару орталығы. Күн сайын мұнда 7 адам кезекшілік етеді. Олар хабарласқан азаматтардың өтініштерін қабылдап, сұрақтарына жауап береді. Әрі заңбұзушылық жайлы алғашқылардың бірі болып хабардар болады.

Оқиға орнына алдымен автопатруль мен учаскелік инспектор аттанады. Олар сол маңайдағы тәртіп пен айғақтардың сақталуын қадағалайды. Кейін, істі кезекші тергеу-жедел тобы қолға алады.
Жыл басынан бері жедел басқару орталығына 9 мыңнан астам тұрғыннан қоңырау түсіпті. Шағымданушылардың басым бөлігі маскүнемдер мен ұсақ бұзақылық туралы хабарласқан екен.

Айгүл Мырзахметова – Петропавл қалалық ПБ ЖБО «102» пультінің операторы:

 – Жедел басқару орталығына күніне жүзден астам шағымдар түседі. Оның көбісі -отбасылық шағымдар. Отбасылық шағымдар бойынша біз учаскелік полиция инспекторларын жібереміз. Олар осы факті бойынша әкімшілік хаттама толтырады.

Жедел басқару орталығында отырған мамандар қаладағы қоғамдық тәртіпті 400-ге жуық камера арқылы қадағалайды. Бұл құрылғылардың көмегімен жыл басынан бері 8 мыңға жуық әкімшілік заңбұзушылық тіркеліпті. Оның 7 мыңға жуығы жол қозғалысы ережесінің сақталмауына қатысты. Бейнежазбалардың арқасында 500-ден астам қылмыстың беті ашылған.

Актолкын Солтанханкызы