Білім

Жаңа оқу жылына әзірлік барысы

Өңірде жалпы 70 мыңнан астам оқушы бар. Оған қоса биыл 1-ші сыныпқа 9 мыңнан аса бала барады екен. Жаңа оқу жылына ата-аналар қауымы да қызу дайындықты бастап кеткен. Олардың қолдары қалт ете қалса дүкен аралап, балаларына сабаққа қажетті заттарды сатып алуға асық.

Жаңа оқу жылының басталуына екі апта уақыт қалды. Сондықтан, ата-аналардың дені мектепке баратын баласының керек-жарағын түгендеп жүр. Арасында Светлана Фомкина да бар. Базар аралап, биыл 4-ші сыныпқа көшкен ұлына қажетті заттарын сатып алуда. Ол дәптер, қалам, сызғыш, өшіргіш, желім сынды кеңсе тауарының ең сапалысын таңдап жатыр. Әйтпесе, сын көтермейтін дүниенің бала денсаулығына кері әсері барын жақсы білетін келіншек сапалы деген тауарға басымдық береді.

Светлана Фомкина:

– Мен биыл 9-ға толған ұлымды мектепке әзірлеп жатырмын. Қажет заттарды сатып алуға 10 мың теңгеден астам қаражат кетті. Өйткені, сапалы тауарлардың бағасы қымбатырақ.

Ата-аналар қағаз бен қаламнан бөлек тағы бір затқа қалта жұқартуларына тура келеді. Ол – балалардың мектеп формасы. Виктория Шелегеда да биыл өз қызын 1-ші сыныпқа бермекші. Балақайының құлағында ақауы бар. Сондықтан, келіншек перзентін есту қабілеті төмен балаларға арналған мектепке жібермекші. Виктория оқу ошағына қажетті заттарды сатып алуға көп қаражат жұмсамағанын айтады. Өйткені, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі екен.

Виктория Шелегеда:

– Қызымның киімдері мен кеңсе тауарларын сатып алуға жалпы 60 мың теңге кетті. Оның есту қабілетінде кемістігі болғандықтан, бізге мемлекеттен жәрдемақы төленеді. Сол ақшаға баламды мектепке толық дайындай алдым. Білім ошағының табалдырығын аттағалы тұрған қызымның қуанышында шек жоқ.

Өңірімізде 3 және одан да көп баланы тәрбиелеп жатқан отбасылар жетерлік. Қатарынан бірнеше баланы мектепке дайындау аздап қиынға соғуы мүмкін. Өйткені, нарықтағы киім-кешек пен кеңсе тауарларының бағасы шарықтап тұр.
Жилет, белдемше, галстукты сатып алу үшін әмияныңызда негізінен 10 мың теңгеден көп ақша болуы керек. Оған қоса жейде да бар. Оның да құны 2 мың теңгеден аз емес.

Елена Кирьякова:

 – Биылдан бастап біз қыздарға арналған жейде мен шалбарларды саудалаймыз. Оған қоса ұлдарға пиджак пен жакеттер де бар. Мұнда баланың жасына қарай киімдердің де құны өсе береді. Мәселен, орта буында оқитын оқушыны осында киіндіру үшін 15 мыңдай ақша қажет. Тағы бір айта кететіні, біз киімдерді тапсырыспен де тіктіреміз.

Айта кетейік, облыста жалпы 70 мыңнан астам оқушы бар. Оған қоса биыл 1-ші сыныпқа 9 мыңнан аса бала барады екен.

 

 

 

Маржан Касымбек