Қоғам

«QymyzFest» фестивалі өтпек

Алдағы сенбі, яғни тамыздың 17-сі күні шаһарда «QymyzFest» фестивалі өтеді. Шараға 2 мың литр қымыз жеткізу жоспарланып отыр. Онымен қоса, 15 мейрамхананың аспаздары бесбармақ әзірлеуден өзара сайысқа түспек. Тағы, түрлі ұтыс ойындары да бар.

«QymyzFest» фестивалі шаһарда осымен 3-ші рет ұйымдастырылмақ. Оған тек теріскейліктер ғана емес еліміздің өзге де өңірлері мен көрші Ресейден қонақтар шақыртылған. Жалпы, осындай шараны қолға алуға әлеуметтік желілерде белсенділік танытатын азаматтар ниет білдірген.

Сайран Хамзин, СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының төрағасы:

– Жалпы, осындай фестивальдің өткізілуі бекер емес. Себебі, жылқылардың отаны біздің солтүстік өңір екені бәрімізге мәлім. Ал біз бұл тарихи мәліметті келешек ұрпақ ұмытпаса екен дейміз. Сондай-ақ, дәл осы шара арқылы ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, жаңғыртуға ықпал етпекпіз.

Байқау 3 бағыт бойынша өтпек. Алғашқысы – мейрамханалар арасындағы сайыс. Бүгінде оған қатысуға 15 мекеме өтініш білдіріпті. Арасында ауданнан келген аспаздар да бар. Қолынан бал тамған жандар бесбармақ әзірлеуден сынға түседі.

Ерлік Мұхамеджанов, «QymyzFest» фестивалін ұйымдастырушы, «Қызылжар жастары» ЖҚБ төрағасы:

 – Ал екінші бағытын “халықтық жәрмеңке” деп атаймыз. Оған қала мен ауданнан 16 қолөнер шебері өздерінің бұйымдарын ұсынады. Ол ағаштан, тастан және былғарыдан болады. Келесі, үшінші бағытын “карнавал шеру” деп атаймыз.

Осымен шара аяқталып қалмайды. Тұрғындар кейін ұтыс ойындарына қатыса алады. Бас жүлде ретінде 1 жылқы берілмек. Ойынға қатысудың шарттары қарапайым, тек билет сатып алсаңыз болғаны. Билеттер Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының алдында сағат таңғы 10 жарымнан сатыла бастайды. Бір-біреуінің құны – мың теңге. Билеттер саны шектеулі.
«QymyzFest» фестивалі концертпен аяқталады.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы