Қоғам

Христиандар Медовый спас мерекесін қарсы алды

Жыл сайын тамыздың 14-і православ сеніміндегі христиандар Медовый спас мерекесін қарсы алады. Бұл – Құдайдың жолында жүрген жұртшылық үшін қасиетті күндердің бірі.

Бүгін барша әлемнің православтары үшін кішігірім мереке десе де болады. Жұртшылық қасиетті күндердің бірі – Медовый спасты қарсы алуда. Мейрамның тарихы тереңде жатыр. Атаулы күнді Құдайдың жолында жүрген жұртшылық 9-шы ғасырдан бастап атап өтуде. Содан бері жыл сайын тамыздың 14-і шіркеуге жиылып, құлшылық етеді, отбасыларының тілеуін тілейді.

Мерекенің аты айтып тұрғандай бұл күні православтарға балдан тәм татқан абзал. Маңыздысы – ол аралардың биылғы жылы берген алғаш өнімі болуы тиіс. Сондай-ақ, шіркеуде аластатылғаны жөн. Сондықтан, қолдарына ыдыстарын ұстаған жұртшылық Вознесения Господня соборына ағылуда. Жиналғандарды Астана және Қазақстан митрополиті Александр құттықтады.

Александр – Астана және Қазақстан митрополиті:

– Баршаларыңызды осы атаулы күнмен құттықтаймын. Отбасыларыңызға бар жақсылықты тілеймін. «Медовый спас» мерекесі саламатты өмір салтын насихаттайды. Сондай-ақ, бұл күндері тәубеге келіп, Құдайға құлшылық ету қажет.

Биылғы бал мерекесі теріскейлік православтардың есінде көпке қалмақ. Қасиетті күн тек атаулы датасымен ғана емес, мына құнды жәдігердің болуымен де ерекше. Оны Петропавлға Астана және Қазақстан митрополиті Александр әдейілеп әкеліпті. Крест елімізге Йерусалим патриархымен сыйға тартылған. Шаһарлықтардың барлығы қасиетті дүниеге бастарын иіп, құлшылық етті. Кейін шіркеу қызметкерлері тұрғындардың қолдарына ұстаған және сатылымда тұрған балды аластатты. Ал жиналғандар бір-бірін мейраммен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.

– Барша православ сеніміндегі христиандарды қасиетті мерекелердің бірімен құттықтаймын. Бүгін мейрамды қарсы алу үшін арнайы шіркеуге келдік. Аластатылған балдан дәм татып, бір қуаттанып алдық.

– Православтарды мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық тілеймін. Отбасыларымыз аман болсын.

Жалпы, мереке – 2 аптаға созылатын ауыз бекітудің алғашқы күні. Яғни, бүгіннен бастап православтар жануар өнімдерінен тыйылады. Людмила Атрепкина мейрамды жыл сайын Вознесения Господня соборына қарсы алуға тырысады екен.

Людмила Атрепкина – қала тұрғыны:

– Мен бүгіннен бастап ауыз бекіттім. Бұл ең біріншіден денсаулық үшін пайдалы. Қазір ұйымдастырылған жәрмеңкеден бал алғым келеді. Себебі, тәтті өнімнің барлығы аластатылған. Денсаулыққа ең пайдалы дегенін таңдаймын. Күнделікті таңертең бір қасығынан жейміз. Сосын қыс бойы ауырмайтын боламыз.

Ертеден қысқа қамдануды православ жұртшылығы дәл осы мейрамнан кейін бастаған. Мереке жаз бойы өсірген өнімдерді жинау қажеттігін де білдіреді екен.

 

Эльмира Садвокасова