МТРА жаңалықтары

Сенат депутаттары Ғабит Мүсірепов ауданына іс-сапармен келді

Парламент Сенатының депутаттары Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина Ғабит Мүсірепов ауданына арнайы іс-сапармен келді. Халық қалаулылары аудандағы маңызды нысандарға тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Ғабит Мүсірепов ауданына ат шалдырған сенаторлар алдымен «KAZMEAL» серіктестігіндегі жұмысшы қауыммен кездесіп, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Өндіріс орны өз жұмысын үстіміздегі жылдың мамыр айында бастаған. Мұнда дәнді дақылдардан құрама жем жасалады. Тәулігіне қауқары 1200 тоннаны құраса, жылына 360 мың тоннаға дейін жетеді екен. Алдағы уақытта шығарылған өнімнің барлығы Аспан асты еліне жөнелтілетін болады.

Мынау – кәсіпорынның басты нысаны. Бұл жердегі жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Оны Қытай елінен әкелінген роботтық техника атқарады.

Жалпы, өндіріс ошағында 75 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Бұдан кейін сенаторлар №2 Новоишим орта мектебіне соғып, мұндағы күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. 700-ге жуық оқушыға шақталған білім ұясында қолға алынған шаруа таяу арада аяқталмақ. Бұл мақсатқа 75 млн теңге қаржы бағытталыпты.

Сондай-ақ, білім ошағының маңында биыл көпфункционалды спорт алаңы да салынған екен. Мұнда жаттығуға арналған жабдықтардың барлығы бар. Бұл жерде еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін келіп бой жаза алады.

Кейінгі кезекте халық қалаулылары биыл салынып біткен 50 пәтерлі тұрғын үйге ат басын бұрды. Мұнда көпбалалы аналар, медицина саласының қызметкерлері және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұратын болады. Нысан мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген.

Асхат Оспанов, Ғ.Мүсірепов ауданы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

 – Үйдің құрылысы былтыр шілде айында басталған болатын. Қазір қолданысқа тапсыруға дайын тұр. Мұндағы баспананың 1 шаршы метрінің құны – шамамен 120 мың теңге. Бұл – жалдамалы-коммуналды баспана болып саналады.

Бұдан кейін депутаттар оңтүстіктен қоныс аударушылар үшін салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

Мұнда барлығы 10 баспана бой көтеріп келе жатыр. Қазір жұмыс қызу жүруде. Үйлерге ауыз су тартылған.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Парламенттің 6-шы кезекті сессиясының жұмысы аяқталды. Өткен сессияда парламент 83 заң жобасын қарастырды. Біздің мақсатымыз – сол бойынша атқарылған жұмыстар жайлы есеп беру. Қазір ол заңдар іске қосылды. Бүгін біз мына өңірге келіп, істеліп жатқан жұмыстарды көріп, танысудамыз.

Сенат депутаттары іс-сапарларын қорытындылай келе өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын берді.

 

 

Бердимурат Баймухан