Қоғам

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында атқарылған істер

Тарихи ескерткіштерді жаңғырту, латын қарпіне көшу, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру. Биыл “Рухани жаңғыру” мақаласының жарық көргеніне 2 жыл толды.

Рухани жаңғыру – болшаққа бағдар беретін ауқымды жоспар. Осыдан 2 жыл бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласы жарық көрді. Осы құжат аясында талай ірі жобалар мен бастамалар іске асырылды. Мәселен, өткен жылы өңірімізде 1 жарым мыңнан аса іс-шара өткізілді. Ал биыл – 7 айдың ішінде 3 мыңға жуық жиын ұйымдастырылыпты.

Эльмира Танақұлова – СҚО ішкі саясат басқармасы “Рухани жаңғыру” бағдарламасын іске асыру жөніндегі бөлімінің басшысы:

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 6 бағытқа бөлінген. Сондай-ақ, іске асырылып жатқан ірі 13 жоба бар. Еске сала кетсек, өткен жылы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да жарық көрген болатын. Онда да бірталай ірі жобалар жайлы айтылған. Теріскейліктер олардың барлығын іске асыруға белсене атсалысуда. Биылдың өзінде ұйымдастырылған шараларға 300 мыңға жуық жерлесіміз қатысты.

Жиында «Туған жер» жобасы жайлы да айтылды. Бірінші жартыжылдықтың өзінде өңірімізде 244 млн теңгеге 78 ірі жоба қолға алынған. Сондай-ақ, өңірімізде салынып жатқан түрлі жаңа нысандар мен тұрғын үйлердің сапасы жайлы сөз болды.

Облыс аумағында тарихи маңызға ие 20-дан астам нысан бар. Бірақ, әлі күнге дейін ол жерлер жайлы мол ақпарат беретін арнайы сайттар мен кеңселер аз. Тұрғындар мекендер туралы мәліметті көбіне әлеуметтік желіден іздеп табады. Оның өзінде толық ақпар ала алмайсың. Осы орайда мамандар «Қазақстанның киелі жерлері георафиясы» атты жобасын жүзеге асырып жатыр.

Рахат Мамбеталинов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

– Өңірімізде «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына енгізілген 25 нысан бар. Олардың арасындағы 8-і жалпыұлттық нысандар болып есептелінеді. Сондай-ақ, 18 нысан аудан орталықтары мен ауылдарда орналасқан. Ал қалғандары – шаһарымызда. Алдағы уақытта Ақжар, Уәлиханов және Мамлют аудандарында зерттеу жүргізіп, тарихи деп есептелінетін құнды нысандар жобаға енгізілетін болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуында БАҚ да атқарып жатқан жұмысы аз емес. Журналистер теледидар, газет және әлеуметтік желі арқылы қоғамда болып жатқан маңызды мәселелерді жариялап жатыр.

Гүлгүл Төлешева – СҚО ішкі саясат басқармасы жанындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі бөлімінің маманы:

– 2017-2018 жылдар аралығында 9900-ден астам мақала мен жарияланымдар жарық көрді. Ал телеарналарда 3600-ге жуық репортаж және 170 хабар шықты. Әлеуметтік желілерде 11000 астам пост, инфографика және роликтер орналастырылған.

Айта кетейік, екінші жартыжылдықта да бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Солардың бірі – «Ауылға жол» атты жоба. Оның аясында жас өнертапқыштар байқауы өткізіледі деп күтілуде.

 

Маржан Касымбек