МТРА жаңалықтары

Пневматикалық қаруды пайдалану үшін арнайы рұқсат қажет

Шілденің 1-інен бастап азаматтық және қызметтік қару айналымы туралы заңға жаңа өзгерістер енгізілді. Яғни, азаматтар пневматикалық қаруды арнайы мамандардың толық тексерісінен өткен жағдайда ғана қолдану құқығына ие болады.

Көзге шашатын газ баллондары, аэрозольды бүріккіш, сигналдық тапанша, үрлемелі қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын пневматикалық тапанша. Бұл аталғандардың барлығы – адамның өзін-өзі қорғауына арналған қарулар. Енді заңнамаға енгізілген өзгеріске сәйкес осы қорғаныс құралдарын сатып алу үшін рұқсат қағазы керек.

Әлішер Жармағамбетов – қалалық ПБ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімшесінің аға инспекторы:

– Бұл қаруларды 18 жасқа толған азаматтар соттылығының болмауы туралы және қару ұстауға рұқсат қағазы мен медициналық тексерістен өту туралы анықтамаларды ұсынған жағдайда ғана ала алады.

Бұл – қаладағы қару-жарақ сататын дүкендердің бірі. Нысан қожайынының айтуынша келушілердің аталған өзгерістерге көңілдері толмайтын көрінеді. Себебі, нәзікжандылардың сұранысындағы зат қарапайым газ баллонының сатылуы қиындай түскен. Ол көшедегі бұзақылардан қорғану мақсатында қолданылады. Енді, оның өзіне де рұқсат қағазы мен медициналық анықтамалар қажет.

Татьяна Сухоносова- дүкен қожайыны:

– Заңдағы өзгеріске сәйкес қорғаныс құралдары тек рұқсат қағазы көрсетілген жағдайда ғана сатылады. Бұл, әрине азаматтар арасында заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында жасалып отыр. Клиенттерге бұл жайында түсіндіріп жатырмыз.

Заң талабы шілденің 1-інен бастап өз күшіне енген болатын. Егер азаматтар тарапынан ол ескерілмесе айыппұл салынады. Нақтырақ айтсақ, жеке тұлғалар үшін – 10 АЕК, яғни 25 250 теңге, ал заңды тұлғалар үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

 

 

 

Бердимурат Баймухан