Қоғам

Елімізде «Qorgau» жобасы іске қосылды

210  мықты заңгер көмекке келеді! Елімізде тамыздың 1-інен бастап «Qorgau» жобасы іске қосылды. Оның аясында адвокаттар өмірлік қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға тегін кеңес береді. Ал істері күрделене түскен азаматтардың құқықтарын олар сот алдында қорғайтын болады.

Мемлекеттік орган мен қоғам арасындағы байланыс қаншалықты тығыз? Бұл – әрине, риторикалық сұрақ. Әлі күнге дейін халықтың ведомстволарға деген сенімі нық емес. Сондықтан, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев полицейлерге, оның ішінде учаскелік инспекторларға тұрғындармен етене жұмыс жасау қажеттігін айтқан болатын. Ал қос тарап арасындағы алшақтықты қалайша жоюға болады?

Гамал Тузелбаев – «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» қауымдастық түріндегі ЗТБ вице-президенті:

– Диалогтық алаң қажет. Қазіргі таңда олар бар. Бріқа, әлі де осы бағытта жұмыс жасау керек. 10 жыл бұрынғы арақашықтық одан да көп болды.

Азаматтардың құқықтарын қорғайтын органнан бөлек, осы бағытта жұмыс істейтін ұйымдар да баршылық. Бірақ, әр тарап көрпені өзіне қарай тартады. Проблеманы бірігіп шешу деген жоқ. Дәл осы себеппен мамандар полиция бөлімшелерінің бастықтары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басын қосуда. Тағы жиын барысында елімізде іске қосылған «Qorgau» жобасы жұртшылыққа таныстырылды. Себебі, бүгінде өткір тұрған сұрақтардың бірі – азаматтардың құқықтық сауаттылығы. Оны арттыруға тұрғындар аса құлық танытпайды. Сондықтан, заңбұзушылықтармен жиі бетпе-бет кездесулері мүмкін. Енді, қиын жағдайға тап болған кез келген қазақстандыққа үздік заңгерлер көмекке келмек.

Шыңғыс Лепсібаев – “Eurasian Expert Council” қоғамдық қорының президенті, «Qorgau» жобасының жетекшісі:

– Жоба тамыздың 1-інен бастап іске қосылды. Еліміздің әр өңірінен ең үздік заңгерлерді жинадық. 210 маман тұрғындарға заңды тұрғыда бетпе-бет кеңес беріп жатыр. Яғни, барлық облыстардың аудандарында жұмыс істеуде. Әзірге, Қазақстан бойынша 60-қа жуық өтініш келіп түсті. Көбінесе азаматтар тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғаларына қатысты проблемалармен жүгінеді. Ең бастысы, адвокаттарымыз тегін қызмет көрсетеді.

Ал шиелініскен істер кездессе, адвокаттар оның анық-қанығына жетуге көмектесетін болады. Яғни, сотқа дейін барып, азаматтың құқығын қорғамақ. Жыл соңына дейін мамандар осындай 200 процесті қолға аламыз деп отыр. Айта кететін жайт, жоба өкілдері енді оны смартфондар платформасына шығармақ. Яғни, қыркүйектің соңына қарай онлайн кеңесті телефондағы арнайы қосымша арқылу алу мүмкіндігі пайда болады.

Эльмира Садвокасова