Қоғам

Қызылжарлықтар Құрбан айт мейрамын қарсы алды

Бірлік, достық пен ізгілік. Тамыздың 11-і барша мұсылман қауымы  қасиетті Құрбан айт мейрамын қарсы алды. Бұл күні тұрғындар қаламыздағы мешіттерге ағылып, айт намазын оқыды.

Жексенбінің таңын петропавлдықтар “Қызылжар” орталық мешітінде атыруда. Алланың жердегі үйіне жиылғандардың қарасы қалың. Олар барша мұсылман жамағаты үшін ұлық мереке – Құрбан айтты қарсы алмақ. Солардың бірі – 86 жастағы Сәлтай Өмірзақова. Алла жолында жүрген кейуана мұнда сағат 7 болмай келіпті.

Сәлтай Өмірзақова – қала тұрғыны:

– Жұма намаздан қалмаймыз. Аллаға шүкір осы күнге жеткізгенге. Жылда құрбан шалатын жандардың ниеттері қабыл болсын.

Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталған қасиетті мейрамға жиылғандарды облыс әкім Құмар Ақсақаловтың атынан орынбасары Дәурен Жандарбек құттықтады.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қайырымдылыққа шақыратын, бірлік пен татулықты үндейтін мереке. Ардақты ағайын, мұқтаж жандарға жасаған көмектеріңіз, оқыған дұғаларыңыз қабыл болсын.

Кейін жиылған қауым айт намазын оқыды.

Құрбан айт – жамағатты Аллаға жақын қылып, Жаратушының ризалығына бөлейтін мейрам. Осы күндері себепсіз көңілсіз жүруге болмайды деседі. Керісінше, барша халыққа күлімдеп, көмек қолын созу қажет. Ең бастысы, қасиетті мерекеде жағдайы жететін әрбір мұсылманға құрбан шалу міндет болып табылады. Айт намазына жығылғаннан кейін теріскейліктер бір-бірін ұлық мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

– Петропавл тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын. Денсаулықтары мықты болсын, жақсылық қана болсын.

– Мейрам қабыл болсын. Барлығына жақсылық, аманшылық тілеймін. Отанымыз тиыш болсын.

– Құдайым төге берсін шапағатын, айта берсін қанағатын. Жылына бір рет келетін сағындырып, Құрбан айт қабыл болсын, жамағатым.

Құрбандыққа түйе, сиыр, ешкі мен қой шалуға болады. Бұл ретте малдың жасына мән беру қажет. Мәселен, соңғысы кемінде 1-де болғаны абзал.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

– Бүгін құрбан шалып, тілек тілейтін мейрам. Құрбанымызды үшке бөлу қажет. Біреуін өзіне, біреуін ағайын, туған-туыстарға үлестіру керек. Үшінші бөлігін мұқтаж жандарға берген абзал.

Құрбандыққа шалынатын малды мұқият таңдау қажет. Алланың ризалығы үшін сойылатын қойдың ақсақ-тоқсақ, соқыр болмағаны жөн. Сондай-ақ, мүйізі мен құлағы бүтінін сою қажет. Жасы сексенге келген Күлзира Мұстафина бұл талаптардың барлығын жақсы біледі. Нәзікжанды жыл сайын өзінің мұсылмандық міндетін орындайды екен. Биыл да айт намазынан кейін құрбан шалуға келген. Енді туған-туыстарын жиып, дәм татқызуға асық.

Күлзира Мұстафина – қала тұрғыны:

– Алты балам бар. Бүгін барлығы жиналады. Туған-туыстарымызды шақырып, дәм татқызамыз. Өмірден өткендерге аят оқытқызамыз.

Құрбан шалу айттың үшінші күнінің ақшамына дейін жалғаспақ. Яғни, күн батқанша мал союға рұқсат. Ал оның етін осы аралықта тарату міндет емес. Дәмді мейрам өткеннен кейін де үлестіруге болады. Бірақ, көпке ұзатпаған абзал.

Эльмира Садвокасова