Спорт

Веложарыстан республикалық көпкүндік аяқталды

Жерлесіміз Алексей Мартыновичты еске алуға арналған республикалық велокөпкүндік өз мәресіне жетті. Қызылжар төрінде бас қосқан жасөспірімдер үздік атану үшін түрлі қашықтықты 4 күн бойы бағындырды. Нәтижесінде жеңімпаздардың үштігін солтүстікқазақстандық спортшылар тұйықтады.

Дәл қазір велошабандоздар – сайыс жолында. Бүгін жарыстың соңғы күні. Ақырғы бәйгеде спортшылар Бәйтерек ауылының ортасынан өтіп, үш айналым жасады.

Дүбірлі додаға еліміздің 6 өңірінен 90-ға жуық спортшы жиылған. Олар 4 күн бойы түрлі қашықтықты еңсерді. Мәселен, жарыстың алғашқы күні спортшылар жеке старттан өзара мықтыны анықтаған болатын. Шабандоздар бұл күні 10 шақырымды еңсерген. 15 минут 39 секунд көрсеткішпен мәреге бірінші болып Вадим Белугин жеткен екен.

Вадим Белугин – веложарысқа қатысушы, Орал қаласы:

– Мен Петропавлға 4-ші рет келіп отырмын. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Барлық командалар осал емес. Әсіресе, елордалық және солтүстікқазақстандықтардың арасында мықты шабандоздар бар. Болашақта Луценко секілді биік жетістіктерге жеткім келеді.

Ал жарыстың екінші күні велошабандоздар командалық жарыста сайысты. Бұл күні жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсетіп, 2-ші орынға қол жеткізді. Құрама сапында Артем Шопин де бар.

Артем Шопин – веложарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Бұл спорт түрімен 3 жыл айналысамын. Әлі де үйренерім баршылық. Сол себепті, күнделікті жаттығуларымды үзбей дайындаламын. Мен біздің жерлесіміз – Александр Винокуровты үлгі тұтамын.

Сонымен, сайыстың жалпы қорытындысы бойынша командалық есепте үздік үштікті жерлестеріміз тұйықтады. Күміс жүлдені елордалық спортшылар қанжығаларына байласа, 1-ші орынға БҚО-ның командасы табан тіреді.

Владимир Парахин, веложарыстың бас төрешісі:

– Бұл веложарыс дәстүрге айналған. Жыл сайын Қазақстанның түпкір-түпкірінен мықты шабандоздар жиылады. Биыл спортшылар 4 кезең бойынша бақтарын сынады. Барлық командалардың да нәтижелері жаман емес.

Айта кетейік, жерлесіміз Алексей МартынОвичты еске алуға арналған республикалық велокөпкүндік осымен 28-ші рет ұйымдастырылды.

 

Ешкенова Дана