Құқық қорғау органдары

Өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері азаяр емес

Өңірде 5 күннің ішінде 120-дан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Бұл туралы “Тұрмыс” республикалық акциясы аясында белгілі болды.

Арнайы ұйымдастырылып отырған акция барысында тәртіп сақшылары тұрмыс жағдайы төмен отбасыларды аралап жүр. Жанұя мүшелерімен әңгімелесу кезінде заңды бұзса қандай жауапкершілік күтіп тұрғанын және жалпы азаматтардың құқықтарын түсіндіреді. Шараға өңірден 300-ге жуық полицей жұмылдырылған.

Жұлдыз Бағыт – Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімінің аға инспекторы:

– Полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша буклеттер әзірледі. Сондай-ақ нәзікжандыларға сенім телефондары көрсетілді

Республикалық акция басталғалы бері өңірде 124 тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Оның 17-сі “сенім телефоны” арқылы түсіпті.

Қазір арнайы есепте 290 азамат тұр. Оның 78-і маскүнем болса, 27-сі тұрмысы төмен отбасылардан шыққан. Мамандар өз кезегінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге үндемей қалмай, 50-41-87 немесе 102 телефон нөмірлеріне хабарласа алатынын еске салады.

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы