МТРА жаңалықтары

Еңбек ардагері Вячеслав Паращенко 80 жасқа толды

Жуырда жерлесіміз, еңбек ардагері Вячеслав Паращенко 80 жасқа толды. Қария өмірінің 50 жылын өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арнаған. Туған күн иесін мерейтойымен бұрынғы әріптестері мен үзеңгілестері құттықтады.

Вячеслав Паращенко 1939 жылы дүниеге келген. Қарияның балалық шағы Украинаның Харьков облысында өтіпті. Кейін ер жеткен соң Алтай мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына ғалым-зоотехник мамандығына оқуға түседі. Білім ордасын 62-ші жылы тәмамдаған соң өз қалауымен Солтүстік Қазақстан өңіріне жұмыс істеуге келген. Сол кезде Вячеслав Николаевич әріптесі Жақсылық Ысқақовпен танысыпты. Міне, содан бері талай уақыт өтсе де өзара сыйластығы үзілмеген екен.

Жақсылық Ысқақов – еңбек ардагері, СҚО құрметті азаматы:

– Вячеслав Николаевич Паращенко – ауыл шаруашылығының маманы. Адамгершілігі өте күшті, кішіпейіл, халықты жақсы көретін адам.Жұрттың көңілін тауып, барлығына құрмет көрсетеді.

Еңбек ардагері Вячеслав Паращенко өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлесін қосты. Бастапқыда ол Қиялы совхосында бөлімшеде бас маман болып жұмыс істеген. Кейін әр жылдары түрлі жауапты қызметтерді абыройлы атқарып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Бүгін мерейтой иесіне облыс әкімнің «Құрмет грамотасы» табыс етілді.

Вячеслав Николаевич өмірінің 50 жылдан астамын ауыл шаруашылығы саласына арнаған. Осы бағытта жұмыс істей жүріп талай дос тапқан. Міне, бүгін солардың басым бөлігі оның 80 жылдық мерейтойына жиналып отыр. Қария қуанышына ортақтасқан жақындары мен әріптестеріне өз алғысын жеткізді.

Вячеслав Паращенко – еңбек ардагері:

– Туған күніммен құттықтай келген жолдастарым мен әріптестеріме көптен-көп алғыс білдіремін. Олар маған қашанда қолдау көрсетіп, өз көмегін аяған емес. Біз талай жыл бірге жұмыс істедік. Бәріміз бір-бірімізді жақсы білеміз.

Вячеслав Паращенко зайыбы екеуі 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан қазір 3 немере сүйіп отыр.

 

 

 

 

Маржан Касымбек