МТРА жаңалықтары

Тұрғындардың өтініші жауапсыз қалмайды

Үстіміздегі жылдың 6 айында жергілікті атқарушы органдарға тұрғындардан 19 мыңнан астам өтініш келіп түскен екен. Басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты.

Мемлекеттік органдар тұрғындар тарапынан жолданған өтініштерді уақытында қарауы тиіс. Ал ұзаққа созылса, бұл құқық бұзушылық болып табылады. Мұндай жағдай өңірімізде тіркелді. Мысалы, өткен жылдан бері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты солтүстікқазақстандықтардан 4 мыңнан аса хат түсіпті. Олардың арасында “Туған жер” үкіметтік емес ұйымының бұйымтайы да бар. Аталған тараптың сауалы қаламыздағы жолдарды жөндеуге байланысты болған. Заң бойынша ол 15 жұмыс күннің ішінде қаралуы тиіс. Бірақ, тиісті іс бір жарым айдан кейін ғана қолға алынған. Осыған ұқсас бұзушылықтар жетерлік.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында облысымыздағы жергілікті атқарушы органдар 19 мыңнан астам өтінішті қараған. Бұл 2018-дің сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12%-ға аз. Өтініштердің басым бөлігі жерді пайдалануға, ТҮКШ, халықты жұмыспен қамту және тұрғын үй беруге қатысты болды.

Жалпы, халықпен байланыс қоғамдық және онлайн қабылдаулар, жеке блогтар арқылы жүргізіледі. Бұл тізімде тағы “Халықтық бақылау” порталы да бар. Бірақ, бұларға келіп түскен өтініштердің басым бөлігі формальды түрде шешіледі екен. Яғни, қараусыз қалады. Осының нәтижесінде жартыжылда өңіріміздің жергілікті атқарушы органдары қызмет көрсетудің тиімділігі бойынша 100-дің 60 ұпайына ғана ие болыпты.

Айдар Мұқанов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті СҚО бойынша басқармасының бөлім бастығы:

– Біздің өңіріміз азаматтардың өтініштерін қарау сапасы бойынша 17 облыстың арасында 7-ші орында тұр. Біз азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды одан әрі қамтамасыз ету қажетпіз. Мемлекеттік органдардың қызметінде әлі де шешілмеген проблемалар бар. Оны мына статистикадан көруге болады.

Яғни, тұрғындардан жолданған өтініштерді жылдам әрі сапалы қарау керек. Ол үшін істейміз? Жиын барысында сөз алғандар 1-ші қазанға дейін еліміздің барлық мемлекеттік органдарында талдау бөлімдерін құру туралы шешім қабылданды. Мұндағы мамандар әр тоқсан сайын халықтан түскен ұсыныс-тілек, шағымдардың қаралуын қорытындылап отырады.

Айдос Майлыбаев – ҚР Бас прокуратурасы Құқық қорғау қызметі орталығының басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Мемлекет басшысы әрбір орталықта және жергілікті атқарушы органда халықпен тікелей байланыс жүргізу үшін алаңдар құруды тапсырған болатын. Мұндайды біз екі жыл бұрын қолға алғанбыз. Қазір Бас прокуратурада арнайы орын жұмыс істейді. Бұл – құқық қорғау қызметі орталығы. Оның басты міндеті – ашықтық пен қолжетімділік. Азаматтардың өтініштерін жан-жақты және сапалы қаралуын қамтамасыз ету болып табылады.

Енді алдағы уақытта өңіріміздегі әрбір мемлекеттік органда талдау бөлімдері құрылады. Оның жүзеге асуын және жұмысын облыстық әкімдік пен прокуратура бірлесіп қадағалайтын болады.

Ешкенова Дана