Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аулаішілік жолдың жағдайы

Тозығы жеткен аулаішілік жол. Қаладағы Брусиловский көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары “Халықтық бақылау” порталына өздерін толғандырған мәселелерін жолдаған. Онда жерлестеріміз нысан алдындағы жолдың қалыпқа келтірілуін сұрапты.

Бұл – Брусиловский көшесінің бойында орналасқан 74-ші үй. Мұнда түйіні шешілмей тұрған басты мәселе – аулаішілік жолдың нашарлығы. Қала тұрғыны Надежда Лелюхтің айтуынша бұл жерге асфаль төселмегелі біраз жылдың жүзі болыпты.

Надежда Лелюх, қала тұрғыны:

– Мен бұл жаққа немерелерімді ойнатуға жиі келемін. Әрине, жолы нашар. Мен сияқты зейнет жасындағы адамдарға осындай жерлермен жүріп-тұру оңай емес. Күз бен көктемде айнала суға толып, саз-балшыққа айналады.

Жуырда осы маңның тұрғындары “Халықтық бақылау” порталында аталған мәселе жөнінде өз шағымдарын қалдырған. Кейін бірден ол бойынша жұмыс аяқталды деген жауап келіпті. Бірақ, нәтиже күткендей болмаған. Жауаптың негізі іс жүзінде орындалмапты. Белгілі болғандай, тұрғынның бұйымтайына мәселе тек іс жүзінде қашан орындалатыны туралы ғана жауап келген. Ал шағымданушы оны ашып оқымаған. Сондай-ақ, оның орындалу мерзіміне де назар аудармапты. Осылайша түсініспеушілік жайт орын алған екен.

Раушан Байзақова – СҚО әкімі аппараты өтініштер секторының меңгерушісі:

– Шілденің 31-ші жұлдызында бізге қала тұрғынынан өтініш келіп түсті. Оны журналға тіркеп, жауапты мекемеге жолдадық. Кейін тамыздың 6-сы күні қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жетекшісінің атынан бұл мәселе жайлы мерзімаралық жауап келді. Өтініш жолдаушы оны толық ашып оқымаған. Толыққанды жауап тамыздың 11-і күні ғана жазылады.

Қалалық әкімдік өкілдері аталған мәселелер көп ұзамай өз шешімін табады деді.

Әсем Айтолла – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Тамыз айының соңында Брусиловский 74 мекен-жайындағы ауланы асфальттау жұмыстары атқарылады.

Өз кезегінде мамандар тұрғындарға “Халықтық бақылау” порталында өтініш берген кезде оны нақты орындау мерзіміне назар аудару қажеттігін ескертеді.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан