Құрылыс

1-ші және 3-ші жылу магистральдерін қосатын трасса салынып жатыр

Қазір Жамбыл Жабаев көшесінің бір бөлігіндегі қозғалысқа шектеу қойылған. Учаскеде қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұнда 1-ші және 3-ші жылу магистральдерін қосатын трасса салынуда. Жобаның құны 3 млрд теңгені құрайды.

Көтергіш кран, бульдозер, экскаватор мен құбыртартқыш. Жамбыл Жабаев пен Крепостная көшелерінің қиылысындағы жұмыс қызу. Мұнда 1-ші және 3-ші жылу магистральдерін қосатын трасса салынуда. Ол бүгінде құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан «Береке-2» ықшам ауданы мен шаһар орталығындағы нысандар мен баспаналарға қызмет көрсетеді. Шаруаға «Петропавловскспецкоммунстрой» серіктестігі жауапты. Іске бригада 2018 жылдың қыркүйегінде кірісіпті. Осы аралықта жоспардың 70 пайызын орындаған. Яғни, құбыр желілерінің 7 шақырымы салыныпты. Жұмысқа 20-дан астам бірлік техника мен 60-қа жуық адам жұмылдырылған.

Евгений Дзюбенко – «Петропавловскспецкоммунстрой» ЖШС директоры:

– Жұмысты жүргізуде біршама қиындықтар орын алды. Бізге берілген жобаға бірнеше аумақ кірмей қалыпты. Сондықтан, ағымдағы жылдың басында жоспарды өзгертуге тура келді. Жылу магистралінің бойында 6 тұрғын үй тұр. Қазір баспаналарды сүру бойынша шаруаны бастап кеттік. 2 отбасыны көшіру ғана қалды. Кейін істі жалғастыратын боламыз.

Серіктестік осыған дейін де шаһарда бірқатар шаруаны тындырған. Тапсырылған жұмыстардың бірінде де бүгінге дейін ақау орын алған жоқ дейді. Себебі, мамандар іске жауапты қарайды және тек сапалы материалдарды қолданады. Мәселен, салынып жатқан құбырлар болаттан жасалған. Оны мердігер арнайы Ресейден алдыртыпты.

Руфия Мустафина – Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің инспекторы:

 – Петропавловскспецкоммунстрой» серіктестігі атқарылған шаруаға 2 жылға дейін кепілдеме береді. Яғни, кем-кетік тұстары анықталып жатса, өздерінің қаржысына оны жөндеуге міндеттеледі. Жобаның жалпы құны 3 млрд теңгені құрайды.

Мердігерлер ауқымды жұмысты қараша айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

 

 

Эльмира Садвокасова